Қарашаңырақ Қадырын еске алды

Мына сәйкестікті қараңыз. 12 сәуірде Қарсақбай үшін екі алып тұлға – Қаныш Сәтбаев пен көзі тірісінде қарашаңырақ Қарсақбайдың иесі атанған Қадыр Мәткенов өмірге келіпті. Осындай мерейлі күнге орай Қарсақбай кентіндегі академик Қ.И.Сәтбаевтың Музей-үйінде Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерінің иегері, ҚазКСР-інің еңбек сіңірген металлургі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «Жезді» және «Ұлытау аудандарының Құрметті азаматы» Қадыр Мәткеновтың туғанына 90 жыл толуына арналған «Қадірлі Қадыр аға» атты еске алу кеші өтті.

Осындай атаулы күн, алқалы жиындарда болмаса, былайғы уақытта елге танымал тұлғалардың өмір жолдарына онша үңіле бермейтініміз жасырын емес. Содан да болар, олар жайлы тың деректер ести қалсақ, «Апыр-ай, ә» десіп қаламыз. Осындай жағдайды кеше мен де басымнан өткердім. Қадыр аға Мәткеновтың 90 жылдық торқалы тойына арналған кеште «М.Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі» тамаша көрме ұйымдастырды. Көрме таныстырылымында музей қызметкері Қаныш Имантайұлының азан шақырып қойған есімі Ғабдулғани екенін, Қадыр ағаның азан шақырып қойған есімі Ғабдолқадер екенін айтқанда таң қалдым. Бірі кейін – Қаныш есімімен, енді бірі – Қадыр есімімен елге танылды. Екеуі де қарашаңырақ Қарсақбайды түлетті. Бүгінде Қарсақбай жұрты осы қос тұлғаны үлкен құрметпен атайды. Соның айғағы емес пе, күні кеше Қарсақбай жұрты ел Қадыр атаған Кәдер Мәткеновтың 90 жылдығын атап өтті.
«Қадірлі Қадер аға» атты еске алу кешінің шымылдығын ашқан Мұрат Қадерұлы осынша ықылас танытып келген ағаның замандастары мен ізбасарларына шынайы алғысын білдірді.
– «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген тәмсіл бар қазақта. Бүгін өздеріңізді көріп әкемді көргендей қуанып отырмын. Сіздер айтқан тағылымды әңгімелер менің жүрегіме әкем айтқандай ұялары хақ. Алла сіздерге ғұмыр берсін, – деген Мұрат Мәткенов әкеден қалған қарашаңырақ, Қарсақбай зауытының келешегі мен қарашаңырақ тұрғындары үшін алда атқарылатын жұмыстарын да қысқаша айтып өтті.
– Басқарма төрағасы қарашаңырақ Қарсақбайдың келешегі үшін бірқатар жоспарлар жасап отыр. Соның ішінде ауыл ішіндегі су құбырларын заманауи материалдармен алмастыру көзделген. Бұл жұмыстар осы көктемде басталады. Одан басқа зауыттың ішкі жұмыстарына қатысты да үлкен жоспарлар бар. Әкеміз бастаған, бізге қалдырған істері үзілмей, жалғасын табатын болады, – деді ол өз сөзінде.
Еске алу кешіне арнайы келген Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков те өзінің жүрекжарды тілектерін жеткізіп, аты аңызға айналған тұлғаның есімін дәріптеудің маңызына тоқталды.
– Өңіріміздің дамуына өздерінің сүбелі үлестерін қосқан тұлғалар жайлы кейінгі ұрпақтар біліп жүруі керек. Осы жолда бүгінгі өткізіліп отырған кештің тағылымы зор деп білемін. Мен өзім Қадыр аға сынды аңыз адамдармен көзі тірісінде қасында болып, солардың әңгімесін тыңдап, тәрбиесін алғанымды мақтан етемін. Кешегі тоқсаныншы жылдары екі аудан бірігіп жатқан кезде мен Ұлытау ауданының алғашқы әкімі Серік Тілеубайұлының көмекшісі едім. Жұмыс бабымен осы Қарсақбайға келіп, Қадыр ағаның қасында бірнеше күн болдым. Сонда мен ол кісінің үлкен жүректі, кең пейілді, алысты болжай білетін жан екенін ұқтым. Бәз біреулер сияқты аудандардың қосылуына қарсы кері пікір айтпай, елге бұл істің қазіргі уақытта аса қажет шешім екенін айтып түсіндірді. Ел оны дұрыс қабылдады, – деген Аманжол Батырбекұлы Қадыр аға туралы жылы лебізін білдіре келіп, Қадыр Мәткеновке арналған көрмеге айтулы тұлғаның қолдан салдырған суретін тарту етті.
Осы орайлы сәтті орынды пайдаланған аудан әкімі кенттің дамуына өздерінің үлестерін қосып келе жатқан бірқатар азаматтарды ауданның 85 жылдық мерейтойлық медалімен марапаттап, туған өлкеміз жайлы көрнекті альбомын сыйға тартты.
Іс-шара барысында аудан әкімдігінің арнайы тапсырысымен түсірілген деректі фильм көрсетіліп, естеліктер айтылды. Әсіресе, Қадыр Мәткенұлымен бірге қызмет атқарған әріптестері – көлік жүргізушісі болған Тұрсын Байниязов, Қарсақбай металлургия зауытының кәсіподақ ұйымының төрағасы, бас энергетик қызметтерін атқарған Айтқали Маменов, сол жылдары байланыс саласында еңбек етіп, КМЗның партком бюросының мүшесі қызметтерін атқарған зейнеткер Қадиша Алпысбаева, өлкетанушы Тоңболат Мұқанұлы, 2000 жылдары кент әкімі қызметін атқарған Азнабай Әбдіхалық айтқан әңгімелер еске алу кешіне қатысушыларға үлкен әсер сыйлады. Шығып сөйлеушілердің қай-қайсысы болмасын ел ағасының әрдайым Қарсақбайдың тағдырына алаң болып, халқының қамы үшін жасаған жақсылығын жылы сезіммен еске алды. Тіпті, еске алу кешінде айтылған әке, аға, туған жер туралы әндер кеш иесінің кісілік келбетімен астасып жатты.
Кездесу соңында келген қонақтар академик Қ.И.Сәтбаевтың Музей-үйінің ауласына ағаш көшеттерін отырғызып, жастарға үлгі боларлық іс көрсетті. Бұдан соң ұлы тұлғаның рухына дастархан жайылып, құран бағышталды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.