Қарағандылықтарды көмірді уақытылы сатып алуға шақырады
Қарағанды облысында көмір сатудың 34 нүктесі бар. Өңір әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен жиында өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мұрат Қыдырғанбеков халыққа арналған «қара алтынның» жағдайы қандай екенін айтты. Алдағы жылыту маусымына дайындық онлайн-форматта талқыланды.
Бүгінде қарағандылықтар үшін көмірді бір шахта мен тоғыз разрез жеткізеді.
– Биыл көмір өндіру 23,8 млн тоннаға жуық болады деп күтілуде, бұл 2020 жылға қарағанда 5%-ға жоғары, – деді Мұрат Қыдырғанбеков. – Сонымен қатар, өткен жылы халыққа және коммуналдық-тұрмыстық көмірге 4,9 млн тонна, ал 2021 жылы 5,6 млн тонна көмір жөнелтілді.
Көмір өндіруші кәсіпорындарда көмірді тікелей разрездерден шығару үшін алаңдар дайындалды. Осы айдан бастап бюджеттік ұйымдар мен халық үшін жөнелту жүргізілуде. Барлығы 34 көмір сату нүктелері ұйымдастырылған. Оның 24-і – теміржол тұйықтары және 10-ы – қоймалар.
– «Шұбаркөл Көмір» компаниясы күн сайын Қарағанды облысына 19 вагоннан тиейді, –деп есеп берді ҮИИДБ басшысы. – Сұраныстың артуына байланысты осы айда жөнелтуді 35 вагонға дейін, ал қыркүйектен бастап 40 вагонға дейін жеткізу қажет.
Билік қыркүйек-қазан айларында дүрбелең болмас үшін тұтынушыларды көмірді қазірден бастап сатып алуға шақырады.
Бұған қоса, барлық өңір бойынша жылу электр орталықтарында жөндеу жұмыстары бақылауда қалып отыр. Облыстың барлық станцияларында негізгі және қосалқы жабдықтарда жоспарлы күрделі жөндеу жүргізіледі.
– Бүгінде 9 қазандық пен 6 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. 12 қазандық пен 5 турбина жөндеуде қалады, –деп атап өтті энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов. – ЖЭО-2, ҚарГРЭС-1 және Жезқазған жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары кестеден кешеуілдеп жүргізілуде.
Сондай-ақ, биыл облыстың қалалары мен аудандарын газдандыру жалғасуда. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімдігімен үнемі қадағаланып отырады.
Өңір басшысы барлық қалалар мен аудандар басшыларына жылу беру маусымына дайындықты тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
— Бюджеттік ұйымдар үшін көмірдің уақтылы жеткізілуін қамтамасыз ету керек. Көмірдің бағасын бір деңгейде ұсталуына тұрақты мониторинг жүргізу қажет. Баға әзірге тұрақты, бірақ жаппай сатып алу басталғаннан кейін бағалар көтеріледі. 2017 жылы алыпсатарлық фактілерін есімізде сақтаймыз, сондықтан көмір жеткізушілермен бірге оның қоймаларда, тұйықтарда және өткізу орындарында болуын пысықтау қажет, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.
Дереккөз – Қарағанды облысының әкімдігі