Қарағанды облысының емханалары 12 млрд теңгеден астам сомаға дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар сатып алады

2021 жылы Қарағанды облысының емханалары 12,8 млрд теңгеге дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алады. Тегін дәрі-дәрмектер тізіміне МӘМС пакетінен төленетін жаңа препараттар кірді.

2021 жылға арналған өтінім бойынша медициналық ұйымдар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіретін аурулар бойынша 10,1 млрд теңгеге дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алады, яғни бұл әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулармен есепте тұрған пациенттерге арналған препараттар. Бір жыл ішінде бұл сома созылмалы немесе әлеуметтік маңызы бар аурулары бар жаңа пациенттердің анықталуына және скринингтік тексерулер нәтижелері бойынша оларды емханада динамикалық бақылауға алуына қарай ұлғайтылуы мүмкін.

2021 жылы медициналық ұйымдар МӘМС пакетіне кіретін аурулар бойынша ересек тұрғындарға 1,3 млрд теңгеге жуық дәрі-дәрмек сатып алады, өткен жылмен салыстырғанда бұл сома 194% — ға өсті. МӘМС пакетіне кіретін аурулар бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға арналған дәрі-дәрмектерге тағы 1,4 млрд теңге жұмсалады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 10 есе көп.

— Өткен жылдан бастап МӘМС пакетіне бұрын тегін дәрі-дәрмектер қарастырылмаған аурулар кірді. Қазір дәрі-дәрмектерді дюшеннің бұлшықет дистрофиясы, бас сүйек нервтерінің зақымдануы, Альцгеймер ауруы, аллергиялық ринит, глаукома, эндометриоз және басқа диагноздары бар сақтандырылған пациенттер ала алады. ТМККК және МӘМС пакеттері аясында барлығы 141 ауру түрлері бойынша дәрі — дәрмекпен қамтамасыз ету қарастырылған, — деп түсіндірді Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорының Қарағанды филиалының бас сарапшысы Жанар Ракишева.

Айта кету керек, 2020 жылы облыстың медициналық ұйымдары 12,9 млрд теңгеге тегін дәрі-дәрмек алуға рецепт жазып берді. Қаражаттың көп бөлігі қант диабетімен ауыратын науқастарға арналған дәрілерге — 12,5% және онкологиялық ауруларға — 9% бағытталған.

Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша