Қарағанды облысында 1 300 шақырым автожолдар жөнделеді
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек онлайн-кеңесте өңірдегі барлық жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтап, тұрғындар үшін қолайсыздықты азайту үшін жолдарды тәулік бойы жөндеуге шақырды.
— Жөндеу жұмыстары кезінде тұрғындар мен тасымалдаушыларға қандай да бір учаскелерді жабу күтпеген жаңалық болмауы үшін алдын ала ескертуді қамтамасыз ету қажет. Жазда мердігерлік компаниялар күндіз тұрғындарға кедергі келтірмеу үшін түнде асфальт төсеуі тиіс. Бұл қалалардағы қалыпты тәжірибе. Адамдар сапалы жолдармен жүргісі келеді. Олар бұған лайық, – деп атап өтті Қарағанды өңірінің басшысы.
Биыл облыста 1 300 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Орталық-Оңтүстік көлік дәлізін құру негізгі жоба болып қала береді. Биыл жалпы ұзындығы 513 шақырым болатын Қарағанды – Балқаш, Балқаш – Бурылбайтал учаскелерін қайта жаңарту аяқталады.
Жазда Қарағанды – Теміртау – Токаревка автожолында Нұра өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту басталады. Бұл Теміртау – Қарағанды тас жолына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Қарағанды – Саран – Шахтинск жолына күрделі жөндеу жалғасатын болады.
– Сондай-ақ Абай ауданындағы Жартас – Долинка, Бұқар Жырау ауданындағы Новодолинка – Шахан – Молодецкое бағыттары бойынша жолдарды, сондай-ақ Қарағанды – Үштөбе – Құрылыс автожолының тоғыз шақырымын қайта жаңарту жалғастырылады, — деп хабарлады Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтонов. — Жұмыстарды 2022 жылы аяқтау жоспарлануда.
Ол сонымен қатар Қаражал – Атасу, Осакаровка – Молодежное, Нұра – Шахтер автожолдарын қайта қалыпқа келтіру туралы айтып берді.
Ауылдық елді мекендердегі жолдар да назардан тыс қалмайды – «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру жалғастырылады.
Облыстың автожолдарында жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтау үшін 3 мыңға жуық жол-құрылыс техникасы мен 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Жеңіс Қасымбек қала және аудан әкімдеріне конкурстық науқанды мерзімінде аяқтауды, жөндеуге қажетті материалдардың дайындалуын және орындалатын жұмыстардың сапасын бақылауды тапсырды.