Қарағанды өңірінің қауіпсіздігі қалай өзгертіледі?

2019 жылдың қараша айынан бастап Қарағанды облысы қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсілдемелер бойынша жобаны іске асыру үшін пилоттық алаңға айналды. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылғаны жайлы «Қазақстандағы қауіпсіз қоғамдастықтар» I Халықаралық форумында жоба менеджері Мейрам Валеев айтып берді.

Айта кету керек, конференция елордада ЕҚЫҰ және ҚР ІІМ Бағдарламалар офисінің басшылығымен өтті. Оған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар офисінің Басшысы Елші Дьердь Сабо, Мемлекеттік органдардың, бизнестің, IT-қоғамдастықтың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және Канада, АҚШ, Ұлыбритания, Аргентина және Франция сарапшылары қатысты.

Форумда қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі сервистік тәсілдемелер бойынша пилоттық жобаны талқылау басты тақырыптардың бірі болды. Бағдарламаны Қарағанды облысы әкімдігі жанындағы ведомствоаралық топ жүзеге асыруда.

2020 жылдың ақпан айынан бастап үш жыл ішінде статистикалық деректер жиналды. Сауалнамаға жергілікті тұрғындар мен сотталғандар қатысты. Облыстағы ең көп таралған және жүйелі проблемалар — пәтер және қалта ұрлығы, алаяқтық және қоғамдық тәртіпті бұзу екені анықталды.

Талдау қорытындысы бойынша полицейлік патрульдеу бағыттары мен уақытын түзету бойынша ұсыныстар берілді, сондай-ақ бейнебақылау камераларын орнатуды қажет ететін орындар анықталды.

Ведомствоаралық топ қауіпсіздік бойынша тексеру парағын да әзірледі. Қала тұрғындары өз аулаларында өздерін қаншалықты қауіпсіз сезінетіндерін қашықтықтан айтып берді. Нәтижелер талданып, аймақ полициясының бақылауына алынды.

Жоба аясында Қарағандыда бір жылдан астам уақыт бойы киберволонтерлердің мониторингтік тобы жұмыс істейді. Бастапқыда оның қатысушылары полицияға интернетте тыйым салынған тауарлар мен қызметтерді сатуға байланысты қылмыстарды ашуға көмектесті. Қазір қызмет аясы кеңейді. Киберволонтерлер балаларға қатысты заңсыз әрекеттердің алдын алуға көмектеседі.

Форумда IT-қауымдастық өкілдеріне қоғамдық пікірді зерттеудің онлайн-орталығын құру туралы ұсыныс айтылды.

— Біз еліміздің барлық өңірлеріне эпидемиологиялық жағдайға және зерттеуге мемлекеттік тапсырыстарға тәуелді болмайтын құрал бере аламыз, — деп бөлісті Мейрам Валеев.

Қазіргі уақытта жұмыс тобы блогерлер экожүйесін құруды, тұрғындармен білім беру нысандарының қауіпсіздік дәрежесін бағалау бойынша әлеуметтік эксперименттерді және тағы басқаларды пысықтауда.

2021 жылдан бастап облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің тапсырмасы бойынша пилоттық жоба Қарағанды қаласының барлық полиция бөлімдерінде енгізілуде.

Естеріңізге сала кетейік, жобаға тек құқық қорғау органдары ғана емес, денсаулық сақтау, білім және әлеуметтік қорғау басқармаларының өкілдері де кіреді. Олардың қызметі – әлеуметтік мәселелерді зерттеу және қала тұрғындарына SARA әдістемесі бойынша кешенді көмек көрсету (сканерлеу, талдау, ден қою және бағалау).