Арқаның азаматы – 60 жаста

Адам өзінің адамгершілік асыл қасиеттерімен, еліне еткен адал еңбегімен халықтың сый-құрметіне бөленеді. Осындай өзінің тамаша талантымен, іскерлігімен танылып, көпшіліктің алғысын алып, абырой құшағында жүрген айтулы азаматтарымыздың бірі –  Қайрат Кенжекұлы ЖҰМАБАЕВ. Ол 1964 жылы 16 шілдеде қасиетті Ұлытау өңіріндегі Шеңбер ауылында үлгілі отбасы, елдің елеулі азаматы Кенжек ЖҰМАБАЙҰЛЫНЫҢ жанұясында дүниеге келген.

Қайрат ержетіп, мектепке барғанының өзі Кенжек ағай мен Асыл жеңгейдің үлкен қуанышы еді. Сол қуаныш қуанышқа ұласып Қайрат Қорғасын орта мектебін жақсы бітіріп шығып, талантты жас Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіріп шығады. Еңбек жолын N2 Қорғасын орта мектебінде шəкірттерге қазақ тілі мен əдебиеті пəнінен дəріс беруден бастаған. Білімділігімен, іскерлігімен, талантымен көзге түскен. Қ.Жұмабаев Қорғасын орта мектебі директорының тəрбие ісі жөніндегі орынбасары болады. Бұдан кейін N1 Ұлытау орта мектебінде жас ұрпақтарға қазақ тілі мен əдебиетінен сабақ береді. Қайраттың өлке тарихын білетіндігін ескеріп, «Ұлытау» қорық-мұражайына қызметке алынады. Қайрат өзінің іскерлігімен көрініп, музейдің 25 жылдық медалімен марапатталған.
Қайрат Жұмабаев Қорғасын орта мектебінде жүрген кезінде ауылдың ахуалын, еңбек адамдарының жетістіктерін, мектепте өткен тəрбиелік мəні зор, маңызды шараларды жазып, аудандық газетпен үзбей байланыста болды. Мақалаларымен қоса өлеңдерін де жолдап тұрды. Газетте жарияланған мақалалары мен өлеңдерін оқырман қауым ыстық ықыласпен қабылдады. Сөйтіп, Қайрат аудандық газетке қызметке алынды. Ол газетке өзінің шалқар шабытын ала келіп маңызды мақалалар, очерктер мен суреттемелер жазып, елге еңбегімен көрінді. Бүгінде Қайрат Жұмабаев Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық газет редакторының орынбасары, І дəрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісін алған. Өткен жылы облыс əкімінің «Ұлар» сыйлығының лауреаты болған. 2007 жылы шыққан «Ұлытаудың жыр бұлағы» ұжымдық жинаққа бір топ өлеңдері кірген. Ойы ұшқыр, қаламы үшкір, талантты журналист Қайрат Кенжекұлы Жұмабаев биыл 16 шілдеде алпыстың асқарына шығып отыр. Қаламы қарымды, Алла берген дарынды Қайраттың азамат-тың жасы, үлкендіктің басы 60 жасқа келуіңмен құттықтаймын. Азаматқа өмірдегі барлық жақсылықты тілеймін.
Құтты болсын Қайратжан 60 жасың,
100 жаса еш қиындық көрмей басың.
Қосағыңмен қосылған қоса ағарып,
Ұрпағыңның қуаныш қызығын көр.
Алла өзіңе жар болып жарылқасын. Əмин!

Ағалық ақ тілекпен,
Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.