Арқаның ақиығы еді, Қадыр аға
Қадыр аға – Алты Алаштың ханы Абылай, қасқа жол салған Қасым хан ордасын тіккен, Ақан сері, Үкілі Ыбырай сынды бұлбұлдар шыққан, Сәкеннің поэмасына алтын арқау болған Арқадағы жердің сұлуы – Көкшетаудың мұзбалақ қыраны.
Мен Көкше жерінде екі-үш рет болдым. Алайда, Оқжетпесті көрудің сәті түспеді. Бірақ мен Қадыр ағамызды көргенде, сол Оқжетпестің биігіне қызыға қарап, бауырында тұрғандай сезінемін. Мен сексен көлдің аясындағы Бурабайды көрген жоқпын. Бірақ Шербану жеңгемізді көргенде, сол Бурабайдың тамаша табиғи сұлулығын көріп тұрғандай боламын. Аға мен жеңгенің ұрпақтарын көргенде, Бурабайдың бауырынан басына дейін жайқалып өскен орманын көргендей боламын. Осы кісілердің көңілін көргенде, Көкшетау мен Ұлытаудың арасындағы көсіліп жатқан кең далада серуендеп келе жатқандай сезінемін.
Қадыр ағаның еліне, оның ішінде қарашаңырақ Қарсақбайға сіңірген еңбегін бір жерге жинап үйсе, асу бермес асқар тау болар еді. Төккен тері жиналса, Көкшетаудың сексен көлі тұрар еді. Ол кісіге айтылған елдің алғысы түнгі ашық аспанда жыпырлаған жұлдыздай жарқырап тұр. Қадыр ағаның омырауында “Халық қаһарманы” ордені жоқ, бірақ халық оны қаһарман көреді. Мен осы жасымда тіршілігінде мұндай құрметке бөленген адамды бірінші рет кездестірдім. Бұл – ол кісінің кіршіксіз тазалығын, биік адамгершілігін, мейірімділігін, үлкен жүректі, кесек тұлға екенін көрсетеді. Талай шен-шекпенділер “Халық үшін қызмет етіп жүрміз” дейді. Рас, олар да, бәріміз де халық үшін қызмет етіп жүрміз. Десек те, Қадыр аға көтерілген биікке көтеріле алмай келе жатырмыз. Дегенмен, Абай атамыз айтқандай: “Болмасаң да, ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз.” Қадыр ағаға ұқсағымыз-ақ келеді.
Ағамыздың тұлғасының өзі бөлек еді ғой! Ол – Көкшетаудың Оқжетпесі, Ұлытаудың Едіге тауы іспетті. Халықтың қорғаны болған қос батырға біткен бітім-болмыс. 2005 жылдың 16 сәуірінде Жезқазған қаласындағы “Байқоңыр” қонақүйінде Қадыр ағаның 70 жылдық ұлан-асыр тойы өтті. Осы тойда сөз сөйлеген қала, корпорация басшылары, өзі қызметтес болған кісілер, құрдастары Қадыр ағаның ғажайып қасиеттерін, іскерлік қабілетін, ұйымдасты рушылық шеберлігін, жанды жатырқамайтын бауырмалдығын, даласындай дархан пейілді жомарттығын, табандылығын айтып тауыса алмады.
Белгілі ақын Кәкімбек Салықов арнайы Алматыдан келіп, Қадыр ағаны құттықтап, арнау өлеңін оқыды. Қадыр ағаға жиналғандар құрмет көрсетіп жатты. Ол кісіге қандай сый-құрмет көрсетсе де, соған лайық тұлға. Әрине, мінгізген машина сынар, ат өлер, дүние тозар, бірақ мәңгі тозбайтын сыйлық – ағаның өмірін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, мақтаныш сезімін тудыратын ақынның жыры, жазушының шығармасы. Олай болса, Кәкімбек ақынның арнауы – үлкен сыйлық. Өйткені, Қадыр аға еш нәрседен кенде емес, өмірінде дүниеге қызыққан пенде емес екенін қарапайым халық біледі. Ағаның өмірі мен еңбек жолына арналған газет нөмірлері, жазылған жырлар мен дос-жолдастарының, қызметтес болғандардың ыстық ықыластары – өлмейтін, өшпейтін ескерткіш, ұрпақтарына мұра болып қалады.
***
Бұл фәниге кімдер келіп, кімдер кетпеген. Сұм ажал хансың ба, қарасың ба, ақылы терең данасың ба, қартсың ба, баласың ба қарамай жалмай береді. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары ажалдың аранына түсіп, бақилық болып кете береді. Бірақ олардың артында өлмейтін өнегесі, өшпейтін ісі, ел аузында аты қалады. Ұрпақта- ұрпаққа жалғаса береді. Осындай тұғыры биік, елге еңбегі сіңген тұлғаның бірі Қадыр Мәткенов ағамыз еді, сұм ажал оны да алып кеті. Халық абзал ағаның елге еткен еңбегін еш уақытта ұмытпайды. Қарсақбайдың үлкен көшесіне Қадыр ағаның тірі кезінде еңселі ескерткіші қойылды. Бұл адамның тірісінде еңбегін бағалап, ескерткіш қою сирек кездесетін жоғары құрмет.
Қадыр аға тірі болса, биыл 90 жасқа келер еді. Сұм ажал оған жеткізбей алып кетті, Алланың бұйрығына шара бар ма?!
Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.