Апостиль қою рәсімі

Апостиль қою Гаага конвенциясына қатысушы елдердің аумағында қолдануға арналған құжаттардың түпнұсқалығына және тиісінше ресімделуіне кепілдікті қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі. Егер шет елге шығуға жиналып жатсаңыз, Сізге Қазақстанның сот органдарының ресми құжаттары қажет болуы мүмкін. Бұл құжаттар шетелде жарамды болуы үшін олар апостиль қою немесе консулдық заңдастыру рәсімінен өтуі керек

Консулдық заңдастырудан айырмашылығы, апостильдеу аз уақытты алады және апостиль қойылған құжаттарды бір емес, әртүрлі елдерде қолдануға болады.

Заңдастыруға кіріспес бұрын, біріншіден, бұл ел Гаага конвенциясының қатысушысы болып табылатындығын анықтап алу керек; екіншіден, Қазақстан мен Сіз баратын елдің арасында ресми құжаттарды заңдастыру қажеттілігін жоятын қосымша келісім бар-жоғын біліп алу қажет. Мысалы,

Қазақстан мен Ресей арасында 1993 жылғы 22 қаңтардағы Минск конвенциясы негізінде құжаттарды өзара тану әрекет етеді, сондықтан нотариалды аударманы дайындау жеткілікті.

Сондай-ақ заңдастырудың ең дұрыс әдісін таңдау керек: апостиль немесе консулдық заңдастыру, бірақ заңдастыруды таңдаған кезде қабылдаушы тараптың аударуға қойылатын талаптарын ескеру керек. Қызметті алу үшін келесі құжаттар қажет: өтініш (оның нысаны «Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартымен бекітілген); жеке басты куәландыратын құжат және оның көшірмесі; апостиль қою үшін ұсынылатын сот органдарынан шығатын ресми құжат; Сіздің мүдделеріңізді үшінші тұлға ұсынған жағдайда, нотариалды куәландырылған сенімхат; атыңыздың өзгергенін растайтын құжаттың көшірмесі (салыстыру үшін түпнұсқасын ұсына отырып); мемлекеттік қызмет көрсету үшін мемлекеттік бажды төлегеніңіз туралы түбіртек.

Баждың мөлшері әрбір апостиль қойылатын құжат үшін бір айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 50 пайызын құрайды. Құжаттарды қабылдау және беру «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ немесе «Электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

Портал арқылы жүгінген кезде мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті құжаттар тізімі:

1) көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық өтініш;

2) апостиль қою үшін ұсынылған құжаттардың электрондық көшірмесі (сканерленген көшірмесі);

3) мемлекеттік баждың бюджетке төленгенін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі (сканерленген көшірмесі, «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі (әрі қарай – ЭҮТШ) арқылы төленген жағдайларды қоспағанда);

4) көрсетілетін қызметті алушының тегінің, атының, әкесінің атының (бар болса) ауысқанын растайтын құжаттың электрондық көшірмесі (сканерленген көшірмесі, егер ауысым Қазақстан Республикасының аумағында 2008 жылдан кейін тіркелген болса, құжаттың көшірмесі ұсынылмайды).

Егер азаматтық хал актілерін тіркеу 2008 жылдан кейін Қазақстан Республикасының аумағында жүргізілген болса, жеке басты куәландыратын, тегінің, атының, әкесінің атының ауысқанын растайтын құжаттар туралы, сондай-ақ бюджетке мемлекеттік баж төленгенін растайтын құжат (ЭҮТШ арқылы төленген жағдайда) туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші және Мемлекеттік корпорацияның қызметкері «электрондық үкімет» шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады. Бұл үшін көрсетілетін қызметті беруші және Мемлекеттік корпорация қызметкері, егер Қазақстан Республикасының Заңдарында өзгеше көзделмесе, мемлекеттік қызметті көрсету кезінде ақпараттық жүйелерде заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға көрсетілетін қызметті алушының жазбаша келісімін алады.

Ұлытау аудандық сотының баспасөз қызметі