Апатты үйдің тұрғындары баспанасыз қалмайды – Берік Әбдіғалиұлы
Сәтбаев қаласындағы Гурба көшесі 80-үйде орын алған жағдай — Ұлытау облысы әкімінің жіті қадағалауында. Бүгін өңір басшысы тұрғындармен арнайы жүздесіп, өтемақы төленетінін, оған дейін уақытша баспана мәселесі жақын арада шешілетінін жеткізді.
«Техникалық сарапшылармен бірлесіп орын алған келеңсіздікті анықтауды, және тәуелсіз бағалаушы компания арқылы бағасын есептеп, мейлінше аз уақыттың ішінде өтемақы төлеуді тапсырамын. Бұл ретте үйдің құны – нарықтағы бағамен өлшенуі тиіс, яғни, апатты жағдайдағылармен бірдей болмасын. Тұрғындарды уақытша қауіпсіз жерлерге орналастыратын жол картасын ертеңнен қалмай ұсыныңыздар» — деді Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде.
Қала әкімі Шапағат Әубәкірдің айтуынша техникалық тексеру мен бағалау жұмыстары екі айға жуық уақытты қамтиды, яғни өтемақы наурыз айында беріледі. Процесс аяқталғанша сәтбаевтықтар әкімдік балансындағы жатақханаға орналастырылады. Одан бөлек, облыс басшысына демеушілер есебінен қосымша үй жалдау мәселесі қарастырылатыны айтылды.
Айта кетейік, Төтенше жағдайлар департаменті қазіргі уақытта аталған үйдің қабырғасы не себепті сөгіліп кеткенін анықтауда.