Анамның шаттанғаны – ғаламның гүлденгені

8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай, аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Ана – өмірдің шуағы!» атты мерекелік кеш өтті.

Кештің басты мақсаты – оқушыларды мейірімділікке, ұстамдылыққа тәрбиелеу, ұстазға, ата-анаға деген құрметті арттыру, ана еңбегін қадірлей білуге үйрету болды.
Мерекелік іс-шараны аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы Гүлзира Тұрсынқызы жүргізді. Кешті Ұлытау ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрлан Жолаушыұлы құттықтау сөзбен ашып берді. Бұдан кейін іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Концерт шымылдығын кітапханамыздың оқырмандары Кәусар Жомарт пен Алдияр Жомарт ата-анасымен бірге «Ананың ақ жаулығы» әнімен ашты.
Кәусар кішкентайынан бастап, мерекелік шараларда ән салып жүрген кітапханамыздың ең жас оқырманы. Бұл жолы да ол өз өнерін ортаға салып, белсенділік танытты.
Келесі кезекте аяулы аналарымыз бен қырмызы қыздарымыздың құрметіне Бейбарыс Оспанбек «Аяулы анашым» әнін орындаса, мектепалды даярлық сыныбының қыздары «Әжетайым» әнін шырқады. Осы тұста, 2-сынып оқушылары «Ана» әнін хормен орындап, 5-сынып оқушылары Нұрислам Айтбек пен Ақсұлтан Бақытжан «Асыл Анам» әнін шырқап, көрермен көңілінен шықты. Ал, 3-сынып оқушылары «16 қыз» әнін тамылжыта орындап, талғампаз тыңдарманға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шара барысында кітапханамыздың тұрақты оқырмандары аналарға арнап, тақырыптық мазмұнда өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Кітапханамыздың биші ұл-қыздары «Джентельмен», «Өрнек» және «Қаражорға» билерін билеп, мерекелік шараның сәнін кіргізді.
Кеш соңында іс-шараға қатысқан қонақтар сөз сөйлеп, мерекелік лебіздерін білдірді. Өз кезегінде өрімдей бүлдіршіндер өздерінің қолдан жасаған түрлі-түсті гүл шоқтарын аналарына табыстады.

Гүлбақыт КАЛИЕВА,
Ұлытау аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі.