Аманкелді ауылында аудан басшысымен кездесу өтті
Аудан басшысы Аманжол Мырзабековтың кезекті кездесуі Аманкелді ауылының тұрғындарымен жалғасты. Кездесуге аудан прокуроры Рахымжан Рахатов және аудандық мекеме басшылары қатысты.

Кездесу барысында биыл атқарылған жұмыстар баяндалып, алдағы жоспарлар таныстырылды.
Тұрғындар тарапынан жайылымдық жер тапшылығы, Ұлытау-Аманкелді бағытындағы жолдың жағдайы, жас мамандарға арналған тұрғын үй мәселесі, пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару, сондай-ақ жаңа медициналық пункт салу қажеттілігі сияқты өзекті мәселелер көтерілді. Аудан басшысы тиісті сұрақтарға нақты жауап беріп, олардың шешілу жолдарын атап өтті.
Биыл аудан бойынша 135 мың гектар, соңғы үш жылда 300 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды. Келер жылы бұл жерлер қайта айналымға енгізіліп, тек нақты жерді игеретін шаруаларға конкурс негізінде берілмек.
Ағымдағы жылы Ұлытау-Аманкелді бағыты бойынша 10 шақырым жол асфальтталды. Келер жылы Хан ордасына дейін көтерме жол салу жоспарлануда. Хан ордасына дейінгі жолдың жер құжаттары толық рәсімделіп, аяқталды. Кейін бұл автожолды толық асфальттау жоспарланып отыр.
Ауылға жаңа медициналық пункт салу мақсатында жер телімі нақтыланып, облыстық басқармаға ұсыныс жолданды.
Кездесу барысында ауыл тұрғындарының ұсыныстары мен талаптары тыңдалып, оларды шешу бойынша нақты шаралар белгіленді.
