«Амал» мерекесі немесе «Көрісу» күні

14 наурыз – «Көрісу» күні. Бұл мейрам – қазақ халқының сонау көнеден ғасырлар бойы ұлттық болмысын көрсетіп келе жатқан дәстүрлі мерекесі. Осы күн «Қырдағы ел, ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деп ұлы ақын Абай жырлағандай, көктемнің ерекше күні.

«Көрісу» күніне қазақ халқы іштей қамданып, бір-біріне кезіккенде «Бір жасқа шығуыңмен», «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп бір-бірін құттықтап, мәре-сәре болып жатады. Сайып келгенде, көрісу сәттерінің жас ұрпақты адамгершілік – имандылық қасиеттерге баулитын тәрбиелік жағы басым екендігі айдан анық. Сондай-ақ, адамдар бір-бірімен төс түйістіріп, артық кеткен жерлері болса, кешірім сұрап, жан мен тән тазалығына мейлінше мән береді.

Бүгінде жұрт бұл мерекені «Көрісу» немесе «Амал» мерекесі деп те атайды. Бір ерекшелігі – «Көрісу» бір күнмен шектелетін мереке емес, ол 14 наурызда басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді. Ендеше, Наурыз келді, ағайын! Баршамыз ыстық ықыласпен мерекені қарсы алайық. Ұлыстың Ұлы күнінің бастауына айналған «Амал» мерекесі құтты болсын!

Қайрат ЖҰМАБАЙ.