«АМАЛ» МЕРЕКЕСІ немесе «Көрісу» күні
Соңғы жылдары Қазақстанның батыс облыстарындағы тұрғындар Наурыз мейрамын тойлауды осы дәстүрмен бастап жүр. Ол жақтағы жұрт бұл мерекені «Көрісу» немесе «Амал» мерекесі деп атайды.
Таң атысымен «Көрісу» мерекесін асыға күткен әрбір отбасы дастарханын қазақтың құрт, бауырсақ, ақ ірімшік, қызыл ірімшік, сары май, уыз сынды дәстүрлі тағамдарымен көмкеріп, наурызкөжесін дайындап, табалдырығын аттаған әр қонағын жылы жүзбен қарсы алады. Оларға ерекше ілтипат көрсетіп, төріне шығарады, ас ұсынады. Дәл осы күні әр адам өзінен жасы үлкен кісілердің шаңырағына кіріп, амандасып, көріседі. Барған үйіне «Бір жасыңызбен!» деп еніп, Жаңа жылға аманесен аяқ басқан жора-жолдас, туған-туысқандарын құттықтайды. Бір-біріне деген өкпе-реніштері болса, кешіріседі, амандық-саулық тілеседі. Сондай-ақ, әр отбасы көршілерімен көріседі. Бұл күні әр адам міндетті түрде үш үйдің есігін ашуы керек, яғни, түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі тиіс. Үй аралап қыдырып жүргенде кішкентай балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Балақай қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден салып алады. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған. Бір ерекшелігі – «Көрісу» бір күнмен шектелетін мереке емес, ол 14 наурызда басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.