АЛТЫ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Ұлытау облысының Жезді кентінде бір күнде алты отбасыға үйдің кілттері табыс етілді. Қос пәтерлі үш үйдің құрылысы былтыр жыл соңында аяқталған. Жаңа баспаналардың жаңа иелері — кентке жаңадан келген жас мамандар мен әлеуметтік топтағы азаматтар.
Баспана кілттерін табыс еткен облыс басшысы Берік Әбдіғалиұлы Жезді кентінің 80 жылдығы аясында биыл өзге де ауқымды жобалардың іске қосылатынын жеткізді.
«Биыл атаулы дата аясында тағы осындай екі үйдің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Осылайша, баспана кезегінде тұрған азаматтардың мәселесі кезең-кезеңімен шешіледі. Оған қоса, денешынықтыру және сауықтыру кешені де осы жылы қолданысқа беріледі» – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Ұлытау ауданы бойынша 72 азамат үй кезегінде тұр. Одан бөлек, былтыр Оңтүстіктен қоныс аудару бағдарламасының аясында ауданға 16 отбасы көшіп келген. Оның үшеуі маман тапшылығына байланысты Жезді кентіне көшіріліп, жұмыспен қамтамасыз етілді.