Алмағайып, бұлыңғыр заманда, ең алдымен, ел бірлігін сақтап, басты байлығымыз – тұрақтылық пен тыныштықты бағалау қажет – Мемлекет басшысы
– Осы орайда, журналистерге айрықша сенім мен зор жауапкершілік жүктеледі. Міржақып Дулатов «Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті» деген. Шын мәнінде, сөз – аса қуатты қару. Бір ауыз сөз араз елді тату қылады, тату елді араз етеді. Сондықтан сөз құдіретін терең түсініп, оның салмағын сезіне білу қажет. Қазіргі ақпарат тасқынында сенімді дерек, дәйекті талдау ұсынудың мән-мағынасы арта түсті. Журналистің ағартушылық миссиясы алдыңғы қатарға шықты. Кез келген ақпаратты мұқият елеп-екшеп, жұртқа дұрыс жол көрсету өте маңызды. Бұл ретте, сіздерді ақпарат әлемінің темірқазығы деуге болады. Мен журналистеріміздің әр мәліметті ұлт мүддесі тұрғысынан саралай аларына сенемін. Өйткені өзім көп оқимын, сіздер жазған мақалалармен, ой-пікірлермен таныспын. Қазір журналистеріміз түрлі салада жұмыс істеп жүр. Қаламгер әрі қайраткер азаматтарымыз аз емес. Ақпарат саласының өкілдері Парламент пен мәслихаттарда табысты еңбек етуде. Сондай-ақ жергілікті және орталық атқару органдарында қызмет етіп жүрген азаматтар бар. Бұл журналистің бесаспап мамандық иесі екенін анық көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жиынға ақпарат саласының ардагерлері арнайы шақырылғанына назар аударды.
– Сауық Жақанова, Жарылқап Бейсенбайұлы, Шархан Қазығұл сияқты журналистика майталмандары ортамызда отыр. Сіздер ұлттық ақпарат саласын дамытуға зор үлес қостыңыздар. Тілшілердің тұтас буыны өздеріңізге қарап өсті. Сіздерге зор ризашылығымды білдіремін. Қай салада болсын, адал еңбек лайықты бағалануға тиіс. Бұл – бәріміз бірге құрып жатқан әділетті қоғамның мызғымас ұстанымы, – деді Президент.