Алаяқтардың арбауынан абай бол!
Алаяқтық – ол бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау, сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену. Қазіргі таңда ғаламтор арқылы жасалатын алаяқтық ең көп тараған қылмыс түрлерінің бірі болып отыр. Көп жағдайда алаяқтар адамдарды тауар сатып аларда, еңбекке орналастыру, несиелік қарыз алу, пəтер жалдау, бағалы сыйлықтар ойнату секілді сылтаулармен алдап жатады.
Алаяқтардың құрбаны болмау үшін кез келген ақпараттың анық-қанығына көз жеткізбей, ешқандай əрекетке бармау керек. Достарыңыздан əлеуметтік желі арқылы алған хабарламалардың өзіне сенбеу керек. Себебі аккаунттар бұзылған болуы да ықтимал. Жеке мəліметтерді ешкіммен бөліспей, сақтау керек. Егер де күмəнді ресурстарда сізден мəліметтерді енгізуді сұраса, келіспеңіз. Себебі тəжірибелі алаяқтар аз ғана ақпараттың өзін кəдесіне пайдаланып кетуі мүмкін. Сізге таныс емес нөмірлерден келген хабарламаларға назар аудармаңыз. Кез келген мессенджерлерден келген ссылкаларды жөн-жозықсыз аша беру де дұрыс емес.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабында алаяқтық бойынша жаза мөлшерлері көрсетілген. Жоғарыда көрсетілген кодекстің 190-бабының 1-бөлігіне сəйкес, мүлкі тəркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Екінші бөлікке сай қылмыстық құқық бұзушылық жасаса, мүлкi тəркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару неме се белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Үшінші жəне төртінші бөліктерге сай мүлкi тəркiленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда, мүлкi тəркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға, мүлкi тəркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ғаламтордағы алаяқтық туралы бүгінде мамандар көптеп жазып та, айтып та жүр. Десек те санын соғып қалушылар қатары азаймай отыр. Сол себепті тұрғындарға əр нəрсеге мұқият қарауын ескертеміз.
Ілияс ІРГЕБАЕВ,
Ұлытау аудандық сотының төрағасы м.а.