Алаяқтар айылын жияр емес
Қарағанды облысында телефон және интернет-алаяқтарына алданған азаматтардың саны жыл басынан қарағанда азайды. Төртінші тоқсанда алаяқтардың құрбаны болған жәбірленушілердің барлығы алаяқтардың айла-тәсілдерінен хабардар болған.
– Мәселен, Қарағанды қаласында алаяқтың құрбаны болған жәбірленушіден жауап алу барысында «Мен алаяқтардың қандай тәсілдерімен азаматтарды алдайтынынан хабардар болдым. Бұл туралы бірнеше рет телеарналардан да ақпараттар берілді. Алайда бұның маған ешқандай қатысы жоқ деп ойладым», – деді. Қазіргі уақытта республика бойынша телефон және интернет-алаяқтығының алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
Мысалы, Қарағанды қалалық Полиция басқармасының «Киберпол» қызметкерлерімен қаладағы мекемелердің біріне хакерлік шабуыл жасаған Теміртау қаласының тұрғыны ұсталды. Ол, вирусты бағдарламаларды пайдалану арқылы мекемеден 63 миллион теңге ақша жымқырған. Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, оның басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде, – деді Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.
Сондай-ақ, Әбіл Әбілдиннің айтуы бойынша Теміртау қалалық полиция басқармасының қызметкерлерімен өздерін полиция қызметкерлеріміз деп таныстырып, жалған қызметтік куәлік көрсетіп, елді алдаған алаяқтар тобы ұсталған. Күдіктілер тұрғындарға 7 миллион теңге көлемінде шығын келтірген. Олар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сонымен қатар, қарағандылық полицейлер Алматы қаласынан көршілес елдің азаматы ұсталды. Ол өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, тұрғындардан 35 миллион теңге ақша жымқырған. Күдікті қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
– Егер сіздерге банк немесе полиция қызметкеріміз деп хабарласса, бірден телефон тұтқасын қойып, банктің жедел желісіне не болмаса 102 телефонына қоңырау соғыңыздар. Сақ болыңыздар, – деп тұрғындарға ескерту жұмыстарын жасады Әбіл Әбілдин.
Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.