АЛАҢДАУҒА НЕГІЗ ЖОҚ әйтсе де сақтық қажет

Жаңа жылдың басы жайсыздау хабармен басталды. Шығыстағы көршімізден «метапневмовирус» деген пəле шығып, оның штаммы əлемге таралып жатыр деген əңгіме елді тағы дүрліктірді. «Қайтадан қашықтықтан жұмыс істеу, онлайн оқу болады екен» деген алып қашпа əңгімелер ел арасында желдей есуде. Алайда, мамандар мұның бəрі негізсіз екенін айтуда.

Бұл мəселе аптаның басында Үкіметте өткен брифингте егжей-тегжейлі айтылды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев əлемде метапневмовирустың таралуына байланысты Қазақстан мектептерінде шектеу енгізіле ме деген сауалға жауап берді деп хабарлайды KAZ.NUR. KZ сайты. «Еліміздің білім беру жүйесі түрлі сынақтарға дайын екенін көрсетті. Бұл 2020 жылдағы індет кезінде жиналған тəжірибенің жемісі. Сол себепті колледждер мен мектептердің бəрі осындай жағдайға дайын болуға қажетті жабдықтармен толықтай қамтылған. Бірақ қазіргі жағдайға қатысты денсаулық сақтау министрлігінің шешімін күту керек», – дейді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев брифингте.

Елді алаңдатқан мəселеге орай Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова да мəлімдеме жасады сол баспасөз мəслихатында. Оның айтуынша, Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жауабына негізделеді. «Жақында денсаулық сақтау министрлігі осы мəселеге қатысты жауабын берді. Министрлік ДДСҰға сауал жолдаған. Ұйым бізге ғана емес, басқа да елдерге жауап берген. Ұйымдағылардың айтуынша, бұл вирус ондаған жылдар бойы таралып келе жатқандықтан, қатты үркудің қажеті жоқ, бірақ аурудың алдын алу шараларын ұмытпаған жөн. Біз де осы жауапқа сүйенеміз. Сол себепті вирустың кең таралу кезеңін бірге өткеруіміз керек», – дейді премьердің орынбасары.

Мамандар сондай-ақ, «СҚ-Фармация» Қазақстандағы қоймаларда жоғарғы жəне төменгі тыныс жолдарының инфекциясын емдеуге арналған препараттардың қажетті қоры барын да айтып отыр. Одан бөлек, мамандар метапневмовирус (hMPV) қаншалықты қауіпті екені туралы сауалдарға жауап берді.

Ізбасар ОЙБАС.