Алғашқы отбасы келді
Ұлытау ауданына биыл алғаш болып Әбілжаппаровтар отбасы қоныс аударды. Олар Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүзеге асырып отырған “Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру мақсатында ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу” бағыты аясындағы мемлекеттік бағдарлама негізінде ауданымызға келіп отыр.
Әкім құтты болсын айтты
Аудан орталығына қоныс аударған жас отбасының жағдайымен аудан әкімі Аманжол Мырзабеков арнайы барып танысып, жылы лебізін білдірді. Мемлекеттік бағдарлама аясында заң шеңберінде барлық қолдаулар көрсетілетінін айтып, жергілікті билік тарапынан жан-жақты көмектің болатынын атап өтті.
Отбасының отағасы Дәуіт Әбдірасулаұлы электрик мамандығы бойынша білім алған. Бұл салада ауданымызда сұраныс жоғары болғандықтан, ол жуырда жұмысқа кірісуді жоспарлап отыр. Екі бала тәрбиелеп отырған жанұя өздеріне көрсетілетін мемлекеттік көмектерге құжаттарын тапсырып, жаңа өмірге сеніммен қадам басуда.
Мемлекеттік қолдау не береді?
Ұлытау ауданына қоныс аударған азаматтар келесі әлеуметтік қолдауларға ие бола алады:
Тұрақты және табысты жұмыс орындары;
Әр отбасы мүшесіне бір реттік көтерме жәрдемақы;
Жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз ету немесе баспана сатып алуға қолдау көрсету;
Балалар үшін сапалы білім беру және балабақшаға орналастыру мүмкіндіктері;
Қолайлы өмір сүру жағдайлары мен қауіпсіз орта.
Болашағы бар бастама
2023–2024 жылдары аралығында Ұлытау ауданына 21 отбасы қоныс аударып, бүгінде барлығы да жұмыспен қамтылып, жеке кәсіптерін дамытуда. Бұл – мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі мен аудан әкімдігінің қолдауының айқын көрінісі.
Қоныс аударуға ниетті азаматтар үшін есік ашық. Аудан әкімдігі заң аясында барлық тиісті көмек көрсетуге дайын екенін жеткізеді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.