Алқапқа дән себілді
Ұлытау ауданында көктемгі дала жұмыстарының маңызды кезеңі – егін алқабына дән себу жұмыстары аяқталып келеді. Жуырда облыс әкімінің орынбасары Жәнібек НӨПІРОВ пен аудан әкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ егіс алқаптарын аралап, көктемгі тұқым себу науқанының барысымен танысып, диқандармен жүздесті.
Ауданға қарасты «Бекетай-баба» шаруашылығының алқабында өткен жиын еңбек адамдарына құрмет көрсетуден басталды. Жер-ананың берекесін арттырып жүрген диқандардың еңбегі ескерусіз қалмады. Облыс әкімінің Құрмет грамотасына Бағдат Бекетаев пен Омарбек Өмірбеков ие болса, бірқатар жұмысшылар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, естелік сыйлықтар табысталды.
Шара барысында жиналғандар биылғы науқанның сәтті өтуіне тілектестік білдіріп, мол өнім алуға ниет білдірді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілді мәселелер де назардан тыс қалмады. Шаруалар мен сала мамандары заманауи технологияларды пайдалану, егістік өнімділігін арттыру жолдары жөнінде пікір алмасты.
Орайы келгенде айта кетейік, биылғы жылы Ұлытау ауданында 21 мың гектар жерге дән себу жоспарланған. Оның ішінде 19 700 гектары бидайға, 1 300 гектары арпаға тиесілі. Көктемгі дала жұмыстарына мемлекет тарапынан қолдау ретінде арзандатылған жанар-жағармай бөлінген. Атап айтқанда, 379 мың литр дизель отыны литріне 254 теңгеден шаруалардың қажетіне ұсынылып отыр. Қазіргі таңда ауданның 14 шаруашылығы осы көмекті тиімді пайдаланып, егіс жұмыстарын ойдағыдай өткеруде.
Бүгінгі алғашқы дән – ертеңгі мол өнімнің бастауы. Ұлытау даласы еңбек пен үміттің дәнін қабыл алды.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.