АКЦИЯ: «Ұлытау» газеті – әр шаңыраққа!»

Қасиетті қазақ жерінің әр бұрышы маған киелі бесіктей сезіледі.  Оның ішінде қастерлі мекен – Ұлы Дала Ұлытауының орны тым бөлек. Ал Ұлт ұясының шежіресін 80 жыл бойы тасқа басып, таңбалап келе жатқан аудандық «Ұлытау» газеті – «халық айнасы» атауын лайықты иеленген бірегей басылым. Осыны ескере отырып, алдағы 2021 жылға баспасөзге жазылу науқаны аясында «Ұлытау» газеті – әр шаңыраққа!» бастамасына ұйытқы болуды жөн санадым.

Ұлытауда еңбекке толы өмір бар. Арманы – биік, жолы – бұралаң, жан-дүниесі адал  адамдар бар. Қарапайым әрі қайырымды осы адамдар қасиеттті өлкедегі тіршілікті   тамырлата түсу мақсатында тынымсыз әрекет етіп келеді. Мен сол жерлестерімді мақтан тұтамын.

Өнегесі өлшеусіз өңірдегі «Ұлытау» газеті сөзі де, ісі де бәтуалы осындай жандардың күнделікті тыныс-тірлігін, ауданның шежіре тұнған тарихын терең зерделеу арқылы толымды түрде насихаттап, оқырман ықыласына бөленгені белгілі. Соңғы кездері аудан басшылығы мен басылым редакциясы мүдделі істерді ұтымды ұйымдастыруға қатысты тың қадамдар жасай бастағаны анық байқалады. Демек, келесі жылы газет мазмұны мен сапасында, оның оқырман қолына жеткізілу үдерісінде айтарлықтай оң өзгерістер орын алары күмәнсіз.

Бұл бастаманы көтерудің басты негізі – Ұлт бесігіне іргелес орналасқан Жезқазған және Сәтбаев қалаларында Ұлытау-Жезді өңірінде туып-өскен азаматтардың молынан шоғырланғандығы. Олардың қай-қайсы болсын, туған жер жаңалығынан құлағдар болып, ауылдың қазіргі таңдағы келбеті жайлы жазылған дүниелерді оқуға құштар. Ауылдан кіндігі ажырамағандардың «Ұлытау» газетіне бұқаралық сипатта жаппай жазылуы осы қажеттілікті толығымен өтер еді.

Мен бүгінде зейнеткермін, Жезқазғанда тұрамын. Ұлытаудан қол үзбегенімнің бір айғағы – 2011 жылы «Ұлытау қыздары» қоғамдық бірлестігін құрып, төңірегіме өзім секілді зейнет жасындағы түрлі мамандық иелерін топтастыруым. Қазір құрамында заңгер, дәрігер, ұстаз, өнер адамдары бар топпен жас буынға ұлттық салт-дәстүрді насихаттап, салауатты өмір салты мен денсаулық сақтау тақырыбында кездесулер ұйымдастырып жүрміз.

Осы бастама негізінде 2021 жылға «Ұлытау» газетін «Ұлытау  қыздары» қоғамдық  бірлестігінің 13 мүшесіне тегін жаздырып беру жөнінде шешім қабылдадым.

Бұл – әріден тартсақ, Ұлытаудың ұлық мәртебесіне көрсетілген құрмет, беріден салсақ, туған жер, өскен елдің жаңалығынан сыртқары қалмаудың тиімді тәсілі. Қалаберді, Ұлт ұясынан қазақ тілінде ақпарат жеткізетін басылымға қолдау көрсетудің оңтайлы жолы.

Аталған акцияны ұлтжанды азаматтардың ақжарма пейілмен қуана қоштарына, елдік мұратты айғақтар ілкімді іске зор ынтамен өз үлестерін қосарына күмәнсіз сенемін!

Ендеше, іске сәт!

Рахыш  НӘШКЕНҚЫЗЫ,

«Ұлытау қыздары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы,

Ұлытау ауданының және Жезқазған қаласының

Құрметті азаматы.