Айықпас дерттен аулақ бол!

Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне арналған «Жаһандық ынтымақтастық, жалпы жауапкершілік» тақырыбындағы іс-шаралар 2020 жылғы 16-22 қараша аралығында өткізіледі.

Жыл сайын 1 желтоқсанда Дүниежүзілік ЖИТС-пен күресу күні аталып өтіледі. Бүл күні әлем АИТВ-мен өмір сүретін немесе одан зардап шеккен адамдарға қолдау білдіру және ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алу үшін бірігеді. 2020 жыл COVID-19 адамзаттың денсаулық мәселелеріне және пандемияның өмірге қалай әсер ететініне назар аудартты. Ол қоғамда қалыптасқан теңсіздікті анықтады. Жаһандық ынтымақтастық пен жалпы жауапкершілік бізден денсаулық сақтау саласындағы жаһандық сауалдарға, соның ішінде ЖИТС-қа жауап беру шараларына жаңа көзқарасты талап етеді. Осы атаулы күні біз бүкіл елді дені сау қоғам құруға қатысты күш-жігерді жандандыруға шақырамыз. Бұл күн бізге бар қауымды жаһандық ынтымақтастық пен ортақ жауапкершілікке шақыруға мүмкіндік береді.

Дүниежүзінде АИТВ (ВИЧ) өсу қарқынын төмендеткен  жоқ. АИТВ – адамның иммун тапшылығы вирусы. Оны  жұқтырғандар барлық елде тіркелген.

ЖИТС/СПИД деген не? ЖИТС – жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы – бүгінгі таңда жазылмайтын қатерлі дерт. Ол адам ағзасына түскеннен кейін онда мәңгі қалады. Бұл аурудан жазылған адам жер шарында тіркелген жоқ. Вирустың ағзаға түскенін адамдар бірден  білмейді. Қазақстан Республикасында 2020 жылдың 1 қазанындағы мәлімет бойынша АИТВ жұқтырғандар саны 39 057-ге жетті, 2019 жылдың 1 қазанымен салыстырғанда, жұқтырғандар саны 2 468–ге артты (36 589). Қарағанды облысында осы дертке шалдыққандар саны – 6 268, ал Жезқазған аймағында 89 адамға жетіп отыр. Індеттің таралуы есірткіні инемен тұтынушылар арасында – 37,1%, жыныстық жолмен – 59,0%, вирус жұқтырған анадан балаға берілуі 1,1% жағдайда байқалып отыр. Дертке шалдығушылардың көпшілігі жастар: 20-29 жас  аралығында – 28,3%, 30-39 жас аралығында 49,4% құрайды. Гендерлік құрамы: ерлер – 53,9%, әйелдер – 43,6%. Әлеуметтік жағдайы бойынша жұмыссыздар – 43,8%, жұмыс істейтіндер 37,1% болып отыр. Оны жұқтырып алғандар өздерін аурумыз деп есептемейді, өйткені, ЖИТС ауруы бірден білінбейді, жедел белгілері болмайды. Бірнеше айдан 3-10 жылға дейін клиникалық белгілері байқалмауы мүмкін. Осы уақытта олар ауруды басқа адамдарға жұқтыруы мүмкін. АИТВ бар немесе жоғы, тек зертханалық тексерістен кейін белгілі болады.

Одан сақтану жолдары – қарапайым:

  1. Парентералды жол: қан арқылы жұғады. Ине, ота жасау және сән құрылғылары арқылы да жұғуы мүмкін. АИТВ тасымалдаушылар арасындағы нашақорлар есірткіні көктамырға бір шприцпен жібереді, демек, дерт біреуінен екіншісіне беріледі. Косметикалық процедура (маникюр, педикюр, пирсинг, тату, құлақ тесу) кезінде залалсыздандырылған немесе бір реттік щприц пен аспаптарды пайдалану қажет. Тату, құлақ тесу сияқты процедуралар арнайы кабинетте жасалуы тиіс. Есірткі тұтынудан аулақ болу керек. Татуировка, пирсинг, маникюр, педикюр жасатқан кезде өте сақ болып, инелердің залалсыздандырылуына айрықша мән берген жөн.
  2. Жыныстық қатынас арқылы: адамдар қарапайым сақтану шараларына немқұрайды қарағандықтан, АИТВ жұқтырады. Соңғы жыл­дары бұл сырқаттың жыныстық жол­мен берілу үлесі арта түсті. Өкінішке орай, бұл жағдай бақылаусыз қалып отыр. Алдын алудың жалғыз жолы – қауіпсіз мінез-құлықты ұстану және жыныстық серіктестікте өзара адалдықты сақтау.
  3. Анадан балаға берілуі: егер анасында вирус болса, жүктілік және босанған кезде анадан балаға жұғады. Оның алдын алу мақсатында, республикада жүкті әйелдерді жұқпаға тексеруден өткізу ұйымдастырылған.

Әр адам өзінің АИТВ статусын білуі керек. Ол дер кезінде ем алу және басқаларға жұқтырмау үшін қажет. Аурудың алғашқы белгісі – шаршағыштық, әлсіздік, терлегіштік және тамақ астындағы, қолтықтағы бездердің ісінуі. Сырқаттың еңбекке қабілеті кемиді, тамаққа тәбеті шаппайды, салмағын жоғалтып, жүдейді. Дене қызуы көтеріліп, ұзақ уақыт бойы төмен түспеуі мүмкін. Дертке қарсы қолданылатын дәрілер аурудан құлан-таза жаза алмайды, бірақ,  вирустың көбеюін тежеп, науқастың өмірін ұзартады.

Бұл індет тұрмыстық жолмен берілмейді. Ауа арқылы, бассейнде және табиғи суда шомылғанда, ортақ әжетхана мен жуынатын бөлмені пайдаланғанда, ортақ ыдысты, асхана, төсек-орын жабдықтарын қолданғанда, құшақтасқанда, қол алысқанда, сүйіскенде,  маса және басқа жәндіктер шаққанда, АИТВ жұқтырған адаммен бір үйде тұрғанда жұқпайды. эпидемияны тежеудің басты жолы – аурудың алдын алу. Бұл шаралар өте қарапайым – салауатты өмір салтын ұстану, есірткі тұтынудан бас тарту, қауіпсіз жыныстық мінез-құлықты ұстану, жыныстық серіктеспен өзара адалдықты сақтау. Сонымен қатар, күдіксіз өмір сүру үшін АИТВ-ға тексеруден (тестілеуден) өтіп, денсаулығына бақылау жасау.

Ләззат ҚОЗЫБАЕВА,

«Қарағанды облыстық ЖИТС-тың алдын

алу және күресу жөніндегі орталығы» КМК 

Жезқазған бөлімінің эпидемиолог-дәрігерінің көмекшісі.