Қайрат КЕРІМБЕК, этнограф:

– Наурыз – ескі жылды артқа тастап, барлық ауыртпашылықтан, ауру-сырқаудан арылуға жаңа мүмкіндік. Бұл күн – малдың ауызы көкке тиіп, адам ауызы аққа тиген ұлы күн. Бұрынғы қазақтар Наурыз мейрамында міндетті түрде бір-біріне иіле сәлем беріп, қол алысатын. Себебі, қырық жанға алғашқы болып сәлем берген адамның күнәсі төгіледі деп сенген. Үйге келген алғашқы қонаққа сүрленіп сақталған шеке асылып, тартылатын. Наурыз кірген күні жастартаңды бірге қарсы алатын. Адамдар ескі киімдерін тастап, жаңа киім киетін. Ежелгі наным бойынша наурыз айында ұрлық-қарлыққа барған, ғайбат сөздер айтқан, жақындарын ренжіткен адамның жыл бойы жолы болмайды делінген. Сондықтан, Наурыздың ең әуелгі мағынасы ішіп-жеу емес, адам бойындағы ізгі қасиеттерді арттыруда екенін ұмытпағанымыз абзал.

Әзірлеген

Ақгүл ҚҰДАЙБЕРГЕН.