Кәсіпкерліктегі сыбайластық сапаны төмендетеді

«Коррупция» термині латын тілінің «corrutpere» деген сөзінен шығып, мағынасы жағынан «мемлекет организмін, қоғамдық қарым-қатынастарды бұзу» дегенді білдіреді, «параға сатып алу» терминімен сәйкес, яғни, лауазымды тұлғаның өз билігі өкілеттігі мен сеніп тапсырылған құқығын заңға және моральдық нормаларға қайшы келетін өтірік айту, бопсалаушылық, сөзбұйда жасау жолдарымен жеке бас пайдасы үшін пайдалануы.

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 16-бабында кәсіпкерлік саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары белгіленген.

Кәсіпкерлік субъектілері өз қызметін жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде, оның ішінде сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту бойынша:

1) шешімдер қабылдау рәсімдерінің есептілігін, бақылауда болуын және ашықтығын қамтамасыз ететін ұйымдық-құқықтық тетіктерді белгілеу;

2) адал бәсекелестік қағидаттарын сақтау;

3) мүдделер қақтығыстарын болғызбау;

4) іскерлік әдеп нормаларын қабылдау және сақтау;

5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі шараларды қабылдау;

6) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау арқылы шаралар қабылдайды.

Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілері үшін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі стандарттарды кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) әзірлеуі және қабылдауы мүмкін.

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңында сыбайлас жемқорлыққа мынадай анықтама берілген: бұл – «…жеке түрде немесе делдалдар арқылы мүліктік игіліктерді заңсыз алу және мемлекеттік қызмет атқарушы тұлғалардың, сондай-ақ оларға теңестірілген тұлғалардың өз лауазымдық өкілеттіктері мен өкілеттеріне қатысты мүмкіндіктерін мүліктік пайда табу үшін жеке басына пайдалануы, сондай-ақ аталмыш тұлғаларға жеке және заңды тұлғалардың көрсетілген игіліктер мен жеңілдіктерді құқыққа қайшы түрде пара ұсыну жолымен сатып алуы».

БҰҰ-ның құжаттарында қолданылатын жемқорлық терминінің халықаралық-саяси анықтамасы мынадай деп берілген: сыбайлас жемқорлық – бұл мемлекеттік билікті жеке бас пайдасы үшін, үшінші бір тұлғалар мен топтардың мақсаты үшін асыра пайдалану.

Сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тек зиянын тигізіп қоймай, сонымен бірге оң нәтижеге жеткізбейтінін естен шығармауымыз қажет. Өйткені сыбайлас жемқорлық тәсілінде параны көбірек беруші ғана жеңіске жетеді. Бір қорқыныштысы — сыбайлас жемқорлықпен айналысу сол тұлға мен оның жақындарының сана-сезіміне залал келтіріп, дүниетанымдарын бұзады.

Бұл әлеуметтік қауіпті құбылыспен күресудің өзектілігі бірқатар жағдайларға негізделген.

  • сыбайлас жемқорлық мемлекеттік аппаратқа деген шынайы сенімді жойдырады, оның беделін түсіреді;
  • аталмыш құбылыс мемлекеттік өкімет құрылымдарында тез тарайды;
  • шын мәнісінде, заңмен қорғалатын барлық қоғамдық қатынастар сыбайласқан лауазымды тұлғалардың қылмыстық әрекеттерінің объектісі бола алады.

Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлықпен күресу бойынша теориялық ережелерді дайындауда, сондай-ақ күнделікті әрі тәжірибелік жұмыстар жүргізуде өткір қажеттілікті талап ету уақытының келгендігі туралы куәландырады. Алайда қандай да бір құбылысқа қарсы тұруға шақырмас бұрын, сол құбылысты анық және нақты түрде анықтау қажет және ол жамандықтың шығу себептері мен механизмін талдап қарастыру керек.

Гүлнар АУҒАНОВА,

Ұлытау ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы.