Адал қызметтің әділ бағасы
Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тамаша тәмсіл бар. Сол құндылықтың айқын көрінісі ретінде бар саналы ғұмырын медицинаға арнап, талай жанның өміріне араша болған тәжірибелі дәрігер Ақзейнеп Наурызбаева ҚР Президентінің Жарлығымен «Шапағат» медалімен марапатталды. Бұл – оның көптеген жылдар бойы көрсеткен адал еңбегі мен кәсіби жауапкершілігінің, өңір медицинасының дамуына қосқан өлшеусіз үлесінің мемлекеттік дәрежеде мойындалуы.

Мемлекеттік марапатты аудан әкімі Аманжол Мырзабеков арнайы табыстап, медицина саласының ардагер маманына шынайы алғысын білдірді. Салтанатты рәсім барысында аудан әкімі мемлекеттік марапат дәрігердің көп жылғы еңбегіне берілген әділ баға екендігін атап өтті.
– Ақзейнеп Наурызбаевадай білікті маманның еңбегі — ауданымыздың ғана емес, бүкіл өңірдің баға жетпес байлығы. Оның адам өміріне деген жауапкершілігі, кәсібіне деген адалдығы жас мамандар үшін үлгі. Халық денсаулығын жақсартудағы қажырлы еңбегі үшін алғыс айтамыз, – деді Аманжол Батырбекұлы.
Ақзейнеп Наурызбаева ұзақ жылдар бойы аудандық аурухана мен емдеу мекемелерінде қызмет етіп, талай жастың қалыпты өмірге оралуына, талай ананың, талай азаматтың дертіне шипа болуға үлес қосты. Оның кәсіби жолы – медициналық мәдениетті жоғары деңгейге көтерген, жауапкершілігі мен адамгершілігі қатар өрілген еңбек тарихы.
Әріптестері оны әркез білікті терапевт, талапшыл маман, мейірбан кеңесші ретінде бағалайды. Ал тұрғындардың айтуынша, Ақзейнеп Наурызбаеваға қаралған адамдардың бәрі оның жылы сөзі мен жанашырлығын, емдеу тәсіліндегі ұқыптылық пен тәжірибесін ерекше атап өтеді.
Өзінің көп жылғы қызметінде ол жас медицина қызметкерлерін тәрбиелеуге де айрықша көңіл бөліп келеді. Тәжірибесін бөлісіп, жас мамандардың практикалық дайындығына жетекшілік ету – оның кәсіби болмысының бір қыры. Бүгінде аудандық денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген көптеген мамандар Ақзейнеп Наурызбаеваны өздерінің алғашқы ұстазы санайды.
«Шапағат» медалі – әлеуметтік салада, адам өмірі мен қоғам игілігі жолындағы айрықша еңбегі үшін берілетін жоғары марапат. Бұл марапаттың Ақзейнеп Наурызбаеваға берілуі – оның халық денсаулығын қорғау ісіндегі естелі еңбегіне деген құрметтің белгісі.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.
