Адал еңбек – ата-ана тәрбиесінің жемісі
Адам өмірінде туған жерге деген сүйіспеншіліктен асқан қастерлі сезім жоқ. Ол сезім әрбір перзенттің жүрегіне ата-ананың тәлімі мен тәрбиесі арқылы дарып, өркен жаяды. Қасиетті Ұлытау ауданында осы құндылықтардың тоғысқан бір тамаша үлгісі жүзеге асты – туған жерге оралып, ел игілігіне еңбек етіп жүрген жас мамандардың ата-аналарына құрмет көрсетілді.
Бұл шара – жай ғана марапат емес, ата-анаға деген тағзым, ұрпаққа өнеге. Аудан әкімі Аманжол Мырзабековтың бастамасымен жүзеге асырылған шара барысында аудан әкімінің алғысын жеткізген аппарат басшысы Ғабиден Дүкембаев өз ұл-қызын елге адал қызмет етуге баулыған әрбір ата-ана – қоғамның тірегі деп атап көрсетті.
– Туған жеріне оралып, ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген жастарымыз – біздің болашағымыздың кепілі. Олардың бойына елге деген сүйіспеншілік пен еңбекқорлықты сіңірген ата-аналарға алғыс білдіру – парызымыз. Сіздердің өнегелі тәрбиеңіз – ауданымыздың дамуына қосылған өлшеусіз үлес. Қоғамды алға бастайтын күш – тәрбиелі ұрпақ, ал тәрбиелі ұрпақтың түп қазығы – отбасындағы өнеге. Сондықтан, бүгінгі құрмет – ең алдымен, елге адал ұл-қыз тәрбиелеген сіздерге деген ризашылығымыз, – деді ол өз сөзінде. Шын мәнінде, перзентінің туған топыраққа деген сүйіспеншілігін тәрбиелеп өсірген әке-шеше марапатқа да, құрметке де лайық. Жас мамандардың туған ауылына оралуы – бұл олардың кәсіби таңдауы ғана емес, перзенттік парызының көрінісі. Туған жерін түлетуге атсалысу – әрбір жастың ел алдындағы борышы. Осы жауапкершілікті сезінген жас буынның қадамында ата-ананың сіңірген еңбегі жатыр. Халық даналығында айтылғандай: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Қазақ қоғамында ата-анаға құрмет – тәрбие мен мәдениеттің алтын арқауы. Өмірге ұрпақ әкеліп қана қоймай, оның жүрегіне елге деген адалдықты, еңбекке деген құштарлықты сіңіру – ата-ананың ең ұлы еңбегі. Сондықтан, аудан басшылығының ата-аналарды құрметтеуі – келешекке үлгі боларлық қадам, тәрбиелі қоғам қалыптастырудың кепілі. Ұлытауда өткен тағылымды шара – ата-ананың перзент арасындағы рухани байланысты ғана емес, қоғамның болашаққа деген сенімін де айшықтады. Өйткені, елдің қуаты – жас буынның жігерінде, ал, сол жас буынды тәрбиелейтін алтын қазық – ата-ананың беделі мен өнегесі. Құрмет пен ризашылық – тек әдеп қана емес, ұрпақ тәрбиесінің бастауы. Туған жерін қадірлеген жас – елдің ертеңгі тірегі. Ал, ата-анасын ардақтаған ұрпақ – қоғамның шынайы байлығы. Ұлытауда қолға алынған бұл бастама – ұлттық тәрбиенің мәнін айшықтайтын, баршаға ой салар өнегелі іс.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.