АБАЙЛАҢЫЗ, АЛАЯҚТАР!

Алаяқтық – алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену. Қылмыстың бұл түрі меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар санатына жатады. Яғни, қылмескер алдау-арбау амалдарын қолданып, басқаның сеніміне кіру арқылы қылмыс құрбанының мүлкін жымқыруды көздейді жəне басты мақсаты – осы жолмен пайда табу.

Ұлытау облысының прокуратурасы аймақта алаяқтықпен күресу жұмыстарын жалғастыруда. Өздерін ұялы оператор қызметкерімін деп таныстырып, сим-картаңыздың мерзімі аяқталды деген желеумен, смс кодты сұрап алып, жəбірленушілердің қаражатын иемдену фактілері жиілеп кетті. Мысалы, Жезқазған тұрғынына «Билайн» ұялы компаниясының қызметкері телефон соғып, сим картаңыздың мерзімі аяқталуына орай, телефонға келген 4 цифрлы санды айтуды сұраған. Жəбірленушінің сенгіштігін пайдаланып, кодты біліп алған алаяқтар, алдау арқылы 3 млн 900 мың теңгесін иемденген.
Құрметті аудан тұрғындары, сақ болыңыздар, өзіңізді жəне жақындарыңызды алаяқтардан қорғаңыз, жеке ақпаратты, төлем картасының нөмірлерін, кодтар мен құпия сөздерді хабарламаңыз, күмəнді төлемдерді жасамаңыз, тексерілмеген қосымшаларды орнатпаңыз.

Ұлытау ауданының прокуратурасы.