АҢЫЗ АДАМ
Алда-жылда қарашаңырақ Қарсақбай жайлы әңгіме қозғала қалса көз алдымызға көлбеңдеп Қадыр аға Мәткеновтың бейнесі келе қалады. Ол заңдылық та. Қарсақбайды Қарсақбай еткен Қаныш Имантайұлы Сәтбаев болса, осы қарашаңырақтың уығын қисайтпай, шаңырағын шайқалтпай, бүгінгі күнге жеткізген Қадыр Мәткенов еді. Бұл жайында қазақтың дара тұлғаларының бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Кәкімбек Салықов «Қарашаңырақтың иесі» атты естеліктер кітабының алғы сөзінде тебірене толғай жазады.
«…Қарсақбай әлемге аты шығып дәуірлеп тұрған кезде талай-талай айтулы азаматтар бұл зауытқа директор болғаны белгілі. Ал, Қадыр Мәткеновке келсек, ол Қарсақбайдың ең соңғы директоры. Ол жай ғана тарихи дерек емес. Мәселенің түбірі Қадырдың табандылығы мен өскен ортасы қарсақбайлықтарды сүйгендігінде. Жезқазғанның үлкен мыс балқыту зауыты салынғаннан кейін Қарсақбай зауыты жабылды. Міне, сол кезде Қарсақбайдан кетпей қалып, ерлік жасауында Мәткеновтің мәрттігі жатыр. Қадыр ол кезде қаңдай жұмысқа барамын десе де, құрметпен алынатын еді, оған оның абырой-беделі, жинаған басқарушылық қабілеті жеткілікті болатын. Асыл азаматтың мақсаты ұлы жердің шаңырағын құлатпау талай жылдар аты әлемге әйгілі болған Қарсақбайдың мыс қазаны сөнсе де, атын жоймай сақтап қалу нағыз ерлік емес пе. Қалашықты қалпында сақтап, негізгі тұрғындарды бытыратпай баяғыдай қалыпта қалдырарлықтай жағдай жасауды Қадыр арман етті. Өрлеу мен өркендеуге үйренген бауырлардың өзегін талдырмай жаңа өркен бастау ойында дамыл таптырмады, игі іске жетеледі.
Қадыр Мәткенов дүниеден озғанша Қарсақбай зауытының директоры болып қала берді, жүйелі жаңа істері нәтиже беріп, Қарсақбайдың киелі темірқазығына айналды. Ол комбинаттың бұрынғы бастығы Виктор Васильевич Гурбамен де, казіргі «Қазақмыстың» қолбасшысы Владимир Сергеевич Киммен де тіл табыса білді. Сол асыл мінезімен ұрпақтан-ұрпаққа тарап, үлгі болар жігерлі қасиет көрсетіп кетті. Қолымызға тигелі тұрған естелік кітаптың кімге арналғанын алғы сөзде қысқаша ғана құрметті оқушы қауымға ескерте кетпегім осы еді», деп жазады Кәкімбек аға. Міне, осы саналы ғұмырын еліне, өскен ортасына арнаған, көзі тірісінде-ақ «Аңыз адам» атанған Қадыр аға Мәткеновтың туғанына биыл 90 жыл толып отыр. Ардақты аға арамызда жүргенде әрісі Көкшетау, берісі Ұлытау мен Жезқазғанның, қарашаңырақ Қарсақбайдың қалың елі тоқсанның тойын дүркіретіп жасар ма еді…
Мен неге Көкшетауды ауызға алып отырмын. Өйткені Қадыр аға осы сұлу Көкшенің бөктерінде 1935 жылдың 12 сәуірінде шыр етіп дүние есігін ашқан екен. Осы жерде тағы да Кәкімбек Салықовтың айтқан әңгімесі еске оралады. Кәкең жергілікгі «Подробности» газетіне жазған «Чокан Валиханов и Каныш Сатпаев» атты көлемді мақаласында Қадыр замандасы туралы да сөз еткен екен. «Менің туған күнім академик ағамыз Қаныш Сәтбаевтың туған күнімен тұспатұс келіпті. Адам баласының да алғаш ғарышқа ұшқаны – 12 сәуір күні. Неге екенін білмеймін, өмірден де осы мезгілде өтетіндей сезінемін өзімді. Кім біледі, дәл осылай 12 сәуірде менің жаным ғарыш кеңістігіне ұшьп кете барар. Айтуға тұрарлық оқиға болар еді-ау, иә?!» – деп ойнақылана жымиған, сондағы, өзінің жетпіс жылдығы қарсаңындағы Қадыр Мәткенұлының бейнесі келді көз алдыма. Елін сүйетін, өзі де еліне сүйкімді, тарихын сыйлайтын, өз аты да тарихта мәңгіге қалған адамның бейнесі болатын, өміріне өкпесі жоқ жанның сөзі болатын ол…», деп тебіреніпті Кәкең осы мақалада.
Қадыр Мәткенұлы өзі айтқандай, 12 сәуірде емес, 2006 жылдың 4 наурызында өмірден өтті. Қарап отырсаңыз, сол межелеген күніне айдан аз ғана уақыт қалған екен. «Әулие ме?..» дерсіз. Осы күнге дейін ол қарашаңырақтың қамымен жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрді. Небір қиын-қыстау күндерді бастан өткерді. Халқымды, қарсақбайлықтарды қайтсем осы тығырықтан аман алып шығамын деп ойға да, қырға да шапты. Әсіресе 1975 жылғы жоғары жақтан жеткен «Қарсақбай зауыты жабылсын» деген Жарлық оның жанына қатты батты. Көкшетаудан келгенде Қарсақбайды құлатамын деп келмеген едім ғой деген ой оның жанын жегідей жеді. Әрине, жалынды жастық шағы өткен, саналы өміріндегі қиындық-қуанышын бөліскен сенімді достар тапқан Қарсақбай жері оған туған жерінен кем емес еді. Енді оны қалай тағдырдың тәлкегіне өз қолымен байлап бермек.
Қарсақбайды қайтсем де жаптырмаймын деп ол Казақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлына дейін барды. Жағдайды мейлінше жатық түсіндірді. Зауыт жабылса, оның төңірегінде топталған халықтың да тоз-тозы шығатынын, елдің басын біріктіріп тұрған бұл кәсіпорынның тарихи маңызын, оның басқа да сала бойынша жұмысқа қабілеттілігін тайға таңба басқандай етіп тәптіштеп түсіндіріп берді. Бұл еңбегі еш болған жоқ. Ыстық-суығын қатар кешкен кәсіпорынды жаптырмай, оны шойын қорытып түрлі сайман-бөлшектер құйып шығаратын металлургиялық зауыт ретінде қайта жұмыс істеуіне мүмкіндік тудырды.
Бүгінде Қарсақбайдың көнекөздері, олардың ұрпақтары Қадыр Мәткенұлы жайлы әңгімені жырдай етіп айтады. Әсіресе Қадыр ағаның қарапайымдылығы, елге еткен жақындығын кейінгілерге үлгі етіп отырады. Сондай бір әңгіменің ұзын-ырғасы мынадай.
Бірде Қадекеңнің құрдастарының бірі ауласында мал жайлап жатқан Қадыр Мәткенұлына: «Директор» деген дардай атағың бар, мына шаруаңа жол болсын?! Бала-шаға, жастар бар емес пе, соларды неге жұмсап жібермейсің?» десе керек. Сонда Қадыр аға: «Мен бастық болып аспаннан салбырап түсті ғой деймісің? Мен де осы Карсақбайға келгенде жас болдым. Еңбек жолымды зауыттың қара жұмысынан бастадым. Оқу бітіріп келгеніммен, сол кездері көп істің ыңғайын осы ауылдың ақсақалдары үйрететін маған да. «Директор» деген ат қанша дардай болғанымен, сол кісілерден алған өмір тәжірибесінен, адал еңбектен үлкен емес», – деп жауап береді.
… Әңгімемді Кәкімбек Салықовпен бастап едім, Сол Кәкеңнің сөзімен түйіндейін деп отырмын. «Мәскеуде институтты бітіріп, Жезқазғанға келгенде Қарсақбай аудан орталығы екен, әскери тіркелімге барғанда қасиетті Қарсақбайды алғашқы көруім зор қуат, күш берді. Бұл атақты жердің өзге қасиеттеріне қоса зор мәртебемен айтарлық мақтанышым. Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың еңбек жолын, Жезқазғанды игерудегі үлкен жорығын Қарсақбайда бастауы. Жас кезімізде Қаныш ағаның атақ-даңқына, ғұлама барлаушылығына еліктеп, кенші, барлаушы, металлург боламыз деп алға бастық. Соның бірі Көкше өңірінде туып, Ұлытаудың ұлағатты ұлы болып кеткен Қадыр Мәткенов. Ол Сәтбаевтың нағыз шәкірті.
Жақсы басшы – елге күт. Қабырғадан кар жауғандай Карсақбай үшін «Қара қазаны» сөніп, қиын-қыстау күн туғанда Қадыр Мәткенов шойын құйып, шарболаттан түрлі керекті жабдықтар, бөлшектер жасап Қарсақбайдың екінші өмірін бастап берді. Тап осындай талапкерлік, қажырлылық Қадыр секілді қабырғалы азаматтың ғана қолынан келетін жұмыс.
Міне, осындай орасан зор еңбегімен Ұлытау – Жезқазған – Қарсақбай аймағының есімі өшпес кадірменді ұлы болып Қадыр Мәткенов қала берді. Асыл азаматтың ардақты да, киелі есімі ел есінде сақтала түсуіне себепкер боларлық бұл кітапқа шын жүректен сәт тілеймін», деп жазады «Қарашаңырақтың иесі» атты естеліктер кітабының алғы сөзінде. Иә, Қадыр Мәткеновтың есімі елдің есінде мәңгі сақталады. Оны бұл өңірдің жұрты «Аңыз адам» деп көзі тірісінде-ақ мойындап қойған.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.