Қаңғыбас иттердің қаупін сейілтер ереже
Ұлытау облыстық мәслихатының сессиясында қаңғыбас жануарларды аулау ережесі бекітілді.
Ұлытау облысының мәслихат депутаттары кезектен тыс X сессия аясында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларын бекітті.
Құжат «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңына және ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 18 мамырдағы №162 «Жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес әзірленді.
Бұдан былай жануарларды аулауды, тасымалдауды, уақытша ұстауды және жансыздандыруды арнайы қызмет белгілі бір кестеге сәйкес жүзеге асырады. Ол азаматтардың өтініштері мен жануарлар жиналатын орындардың мониторинг нәтижелері бойынша жасалады.
«Аулау жануарға жарақат пен зақым келтіруді, азаматтардың денсаулығына, олардың мүлкіне, заңды тұлғалардың мүлкіне, қоршаған ортаға зиян келтіруді болдырмайтын ізгілікті тәсілдермен жүзеге асырылады. Адамның және (немесе) жануардың өміріне немесе денсаулығына нақты қатер төнген жағдайларды қоспағанда, жануарларды балалардың қатысуымен аулауға жол берілмейді», – делінген құжатта.
Ережеге сәйкес ауланған жануарлар уақытша ұстау бекетіне орналастырылады (немесе жануарларға арналған баспанаға беріледі) және деректер базасында тіркеледі. Бұл ретте адамға немесе жануарларға шабуыл жасаған, сондай-ақ адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жануарлар (оның ішінде кемінде үш дарақтан тұратын топтасқан немесе айықпас аурулармен ауыратын иттерді) дәрілік жолмен адамгершілікпен жансыздандыруға (эвтаназияға) жатады.
Айта кетейік, соңғы уақытта жергілікті тұрғындардың қаңғыбас иттердің көп жиналуына қатысты шағымдары жиілеп кеткен болатын. Осыған орай, қазіргі уақытта облыстың аудан-қалаларында қаңғыбас жануарларға арналған баспаналар мен уақытша ұстау бекеттерін салу мәселесі қаралып жатқанын хабарлаймыз.