Ақсақалдармен ашық әңгіме өрбіді

Сəрсенбі күні аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ аудан орталығында тұратын ақсақалдармен кездесіп, кең тұрғыда пікір алмасты. Оның мақсаты – қариялармен кеңесе отырып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға негіз қалау болғанын айта кеткен жөн. Кездесуді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Əлімбек ЖАНДАРБЕКОВ кіріспе сөзбен ашты.

Жүздесу барысында аудан басшысы қарияларды жұмыс сапарымен кенттер мен ауылдық округтерді аралаған кезде қозғалған түйткілді мəселелер тізбегімен таныстырды. Олардың түйінін тарқату мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасады.Сонымен қатар, эпидемиологиялық ахуалға байланысты індеттің алдын алу мен оған тоссқауыл қою тəсілі – вакцина салу жайы тілге тиек етілді.Аудан орталығындағы өзекті мəселе – кəріз жүйесі мен тұрғын үйлер құрылыстары жуыр маңда аяқталатыны айтылып, қозғалған тақырып аясында пікір алмасты.

Советбек Тұрсынұлы ақсақалдарды ауылдық округтер əкімдерінің шілде айында өтетін сайлауы туралы хабардар етіп, саяси науқан кезінде белсенді қоғамдық ұстаным танытуға шақырды.

Кездесу барысында ауыл ақсақалдары Есенғали Әбжамалов, Қаңтарбай Ділімбетов, Қуаныш Бекілдеков, Жаңбырбай Жаңабаев және Ғазиз Әбітов электр энергиясы мен ауызсудың берілу сапасы, тұрғын үй кезегі, кәріз жүйесі, мал бағуды ұйымдастыру, жолаушылар тасымалы, және тағы да басқа маңызды мәселелерді көтерді. Қариялар тарапынан түскен сауалдарға аудан әкімі, мемлекеттік мекемелер басшылары және ауылдық округ әкімі толыққанды жауап берді.

Кездесуді қорытындылаған сөзінде аудан басшысы ақсақалдарға ашық әңгімелері үшін алғысын білдіріп, сын-ескертпелердің жұмыс барысында ескерілетінін мәлімдеді. Осы тектес жүздесулер алдағы уақытта да жалғасын таба беретінін жеткізді.

Жасұлан АЯШЕВ