Ақбөкенге оқ атпақшы…
Күзде киік ату науқаны басталады. Жойылып бара жатқан жануарлар дүниесін қорғап, араша түсуі тиіс министрлік 80 мың бас ақбөкенге үкім оқып, оққа қиып берді. Сондағы себебі – шаруаның шабындығын жеп, егінін таптайды, суаттағы аз суды сарқып ішеді.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Бірекешовтің мәлімдеуінше, елімізде дала еркесі атанған киіктің саны тым көбейіп кетіпті-міс. Сондықтан, ғалымдар оның санын ретке келтіріп, ату қажет деген шешімге келген.
Жалпы алғанда, қазақ даласындағы киіктер үш популяцияға бөлінетіні белгілі. Санын азайту мәселесі Жайық бойын жайлаған ақбөкендерге қатысты болып отыр. Олар бүгін де 800 мыңнан асып кеткен. Енді табиғи реттілікті сақтауды сылтау еткен министрлік олардың 10 пайызының көзін жоймақшы.
«Оның ішінде кейбір популяциялардың санын көбейту шаралары да көзделген. Реттеу деген киік санын ұстап тұру екенін қайталап айтамын. Реттеу дегеннен кейін белгілі бір нормалар бар екені түсінікті. Бұл – қажет шара. Ауыл шаруашылығы жануарларымен қайшылықтар болмау үшін осылай істеу керек. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысында киіктер жайылымдарға ғана емес, егін алқаптарына да кіріп жатыр.
Сондықтан бір жағынан проблема да бар. Тіпті, биологиялық негіздеме бойынша киіктердің оңтайлы саны емін-еркін тірлік кеше алатын көлемге жетуі керек. Осы негіздемелердің аясында реттеу жүргізіледі» деді министр Серікқали Бірекешов Парламент Мәжілісі кулуарында тілшілерге берген сұхбатында.
Расы керек, ведомство басшысының айтқан сөзінің жаны бар. Даланың тағы жануары өзіне оңтайлы жерде жайылып, шаруаларға зиянын тигізіп те жатады. Бірақ, соны сылтау етіп, қару кезену оңтайлы шешім бе?!
Әншейінде «әлемдік тәжірибе» деген сөз тіркесін ұнататын шенділер осы тұста неге басқа елдің үлгісін елегісі келмейді?! Мәселен, тағы аңдары мен қорықтары көп Австралия материгінде де шаруалар бар. Алайда олар «жабайы жануарлар егінімізді таптап, шабындығымызды отады» деп арызданбайды. Қайта қорғану үшін қам жасайды. Басты қорған – қоршау. Егіс даласын айналдыра сым тормен қоршап тастаған. Бізге де осы тәжірибені енгізуге не кедергі? Егістік қоршауға алынса, шаруаға да қолайлы болар еді. Кейде бақташының көзі тайса, жылқы мен сиырдың да егінге ұмтылатыны бар ғой. Сондықтан да, төрт түлік мал мен даланың еркесінен қорғанудың осы амалы – ең дұрыс шешім. Рас, бағасы қымбат, қалтаға біраз салмақ салады. Десек те, табиғат-ананы қорғау үшін бұдан оңтайлы жолды көрмей тұрмыз. Ал, министрдің «киік санын олардың мекен ету ортасында еркін жүріп-тұруы үшін азайтамыз» дегені негізсіз. Өйткені, Кеңес үкіметі орнаған кезге дейін Қазақстанда киік саны миллионнан асып кеткені туралы дерек бар. Ол тұста қазақ даласында мал саны да көп болғанын ескерсек, төрт түлік пен дала жануары еркін сыйған кең жазираға ауылшаруашылығы кері кеткен мына заманда 800 мың бас киік сыймай қалды деу дұрыс па?!
Бұдан бөлек, бұған дейін «егінімді киік таптап, еңбегімді еш етті» деген шаруаны көрмедік. Бәлкім, бірен-саран бар шығар. Бірақ, дәл осы киіктің кесірінен қанша шығын келгені туралы нақты ақпарат жоқ.
Қысқасы, күмән көп. Бұл бастаманың артында ақбөкеннің мүйізін сатып, ақша табуды көздеу пиғылы тұрған жоқ па?! Тіпті, олай болмаған күннің өзінде, ертең оқ атуға рұқсат берілген шақта 80 мың емес, одан бірнеше есе көп киіктің қырылып қалмасына кім кепіл?! Ерекше қорғауда тұрған қазірдің өзінде осы бір сұлу жануарды көзі қиып ататындар азаймай тұрғаны ақиқат! Ресми рұқсат берілген соң оларды тежеу, тіптен, мүмкін болмай қалады ғой…
Бұл мәселеге қатысты елдегі экологтар да алаңдаушылық білдіруде. Мәселен, Мәжіліс депутаты Айжан Скакова мәселені қарумен емес, басқалай шешуге болатынын айтып отыр. «Бізде басы артық киік жоқ, қайта олардың мекен етуіне қажетті аумақ болмай тұр. Сондықтан да, олардың санын қарумен азайтуды емес, ең алдымен ақбөкендер мекен ететін жер телімдерін босату жайын ойлау қажет. Бәлкім, шаруалар киіктер мекен ететін аумақтағы шаруашылық жерлерін босатып, басқа өңірлерге ауысуы керек шығар. Ол үшін арнайы субсидия қарастыру керек», – дейді Айжан Скакова.
Ал, «Қазақстан халық партиясы» төрағасының кеңесшісі Данияр Сабырбаев киіктер мекен ететін жерлердің кезінде шаруаларға бас-көзсіз берілгенін еске салды. Сондықтан, аталмыш аумақты қайтарып, көпжылдық шөп егуді қолға алу керек деген пікірді ұстанып отыр. Жайылымдық жері болса, даланың еркесі де шаруашылық жерлерге тұяғын тигізбес еді. Тіпті, сондай оқиғалар орын алса, онда жапа шеккен шаруаға өтемақы төлеу жүйесін қалыптастыру қажет.
Экологтардың айтуынша, бүкіл әлем бойынша киіктер популяциясы, тек, қазақ даласында ғана сақталып қалған. Ойлап қараңызшы, барша жер шарында бұл жануар, тек, біздің елде ғана бар. Ал, жауапты органдар олардың санын көп көріп, оққа байлап бермек. Ақылға қонымды ұсыныс па?!
Бәлкім, оны ұлттық брендке айналдырып, сол арқылы экотуризмді дамыту мәселесіне мән берген жөн болар.Соны ойлайтын жан бар ма? Ойлауы тиіс лауазымды тұлғалар «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруді жөн санап, күрделі жобаны жүзеге асырғанша, ақбөкенді ата салуды оңай көрген тәрізді…
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ