Жәдігерлер шерткен сыр
М.Төрегелдин атындағы Жезді музейінде қаһарман өндіріс жылнамасына негізделген «Жезді кеніші: тарих жəне тағдырлар» кешенді көрмесі жабдықталды. Оған кеніштің арғы-бергі тарихынан шыр шертетін құнды жəдігерлер қойылған.
Марганец кенішінің іргесі қаланған 1942 жылдан бастап, өндірістің ашылу тарихы фото жəне құжаттар арқылы көрсетілген көрмеде инсталляция үлгісінде ұйымдастырылған аймақтар бар. Кенішке келген жұмысшылардың алғашқы баспанасы, соғыс жылдарындағы қазақ отбасының тұрмысы, марганец кенішінің алғашқы фельдшерлік пункті, 1950-1960 жж. Жезді кеніші геологының пəтері, кен басқармасының кадр бөлімі жəне ЖКБ химиялық лабораториясы музей қорындағы түпнұсқа жəдігерлер арқылы көрсетілді.
Кеніштің алғашқы инженер маманы Иван Бельяминов өз естелігінде «Қазақстанға экакуацияланған металлургия заводының эшелонымен 1942 жылы 25 шілдеде Липецк қаласынан шыққан составпен Нарсай өзенінің сол жағалауындағы марганец руднигіне 15 тамызда түнгі 23.00 сағатта жеттік. Фанерадан соғылған баспанаға орналастық. Ертеңіне мен жəне екі серігімді киіз үйге ауыстырды», – деп еске алады.
Көп ұзамай арнайы жұмысшылар тұратын жертөле барақтар салына бастады. Кеніште кен өндіру жұмысымен қатар жұмысшылар баспаналары, азық-түлік қоймалары мен монша, асхана құрылыстары қатар жүргізілді. Көп ұзамай мұнда электр желісі тартылып, темір жол да салынды.
«Өндірісті ашумен қатар небəрі 6 айда жұмысшылар поселкесі де бой көтерді», – деп еске алған кеніштің бас геологы Иосиф Богданчиков.
«…Летом того же 1942 года наряду с добычей и отправкой на Магнитку крупных партий руды, на Джездинском месторождении в небывало короткий срок (всего 6 мес.) был создан новый добротный рудник со своей электростанцией, жилым и производственным фондом, соединенный ширококолейной железной дорогой с Джезказганом, которая была построена и введена в эксплуатацию за то же время. Таких темпов строительства рудника не было нигде в мире».