Ұлытау облысының әкімі ынталы топ өкілдерін қабылдады
Облыс əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ Жезді марганец кенішінің игерілгеніне 80 жыл толуына орай құрылған ынталы топтың өкілдері Қалыбек ӨТЕНОВ, Мұхаммеджан МЫРЗАБЕКОВ жəне Бейбіт ШАЯХМЕТОВТІ қабылдады. Мақсатты кездесуде мерейтой аясында атқарылатын іс-шаралардың маңыздылығына мəн беріліп, реті таныстырылды.
Кездесу барысында кенттегі кезегін күткен өзекті мəселелер сөз болды. Əсіресе, аурухана, денешынықтыру-сауықтыру кешені мен өзге де спорт нысандары құрылысының барысы, ток мəселесінің түйінін тарқату жолдары тараптар арасындағы əңгіменің өзегіне айналды.
Бір кездері айтулы өндіріс ошағы болған Жезді кентінің қазіргі жүдеу келбеті, қаңырап қалған көпқабатты үйлер жайлы жағымсыз пікірлер жиі айтылатыны жасырын емес. Облыс əкімі осы мəселені де тілге тиек етті. Бос тұрған үйлерге қатысты кент əкімдігі, жергілікті қауымдастық пен үйлердің иелері санатындағы тұлғалар өзара келісімге келіп, олардың орнына кенттің көркін ашатын демалыс саябақтарын немесе жастар мен балаларға арналған спорт алаңдарының жобасын жасауға болатынын алға тартты.
Өңір басшысы жергілікті қауымдастық кенттің сəулетіне сəн беріп, тұрғындарға қолайлы болатын ортаны қалыптастыруға тікелей себепкер бола алатынын, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында оны іске асыру əбден мүмкін екенін мəлімдеді.
Кездесу түйінінде Берік Əбдіғалиұлы ынталы топ өкілдеріне алдағы мерейтойды лайықты атап өтіп, осы іс-шаралар аясында кенттің дамуына қатысты жобаларды қарастыруды тапсырды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ