КЕНШІЛЕР МЕН БАЙЫТУШЫЛАР КҮНІ АТАП ӨТІЛУДЕ
Ұлытау облысының Жезқазған, Сәтбаев қалаларында кеншілер мен байытушылардың кәсіби мерекесі атап өтілуде. «Қазақмыс» корпорациясы кәсіби мерекеге орай биыл Жезқазған, Сәтбаев қалаларының тұрғындарына бір аптаға созылатын мерекелік бағдарлама ұсынды. Мерекелік іс-шаралардың басым бөлігі кеншілер қаласында өтуде.
Мерекелік бағдарламаға сай, 21-27 тамыз аралығында Сәтбаев тұрғындарына Мұтырғанов циркі өнер көрсетіп, Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен түрлі шоу, концерттер ұсынылмақ. Өндірісте қаза болған жұмыскерлерді еске алу, өндіріс озаттарына құрмет көрсету шаралары да осы күндері өтеді. Сондай-ақ, мерекелік аптаның басты айшықты оқиғасы қос қаланың ортасындағы Кеңгір ауылында өтетін аламан бәйге мен қыз қуу ойыны болмақ.
Сонымен қатар, осы күндері сәтбаевтықтарға композитор Ж. Сейілов туралы «Неге солай?» фильмінің ашық аспан астындағы көрсетілімі ұйымдастырылып, «Даңқ» Орденінің кавалері, Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы Ж. Үншібаевтің бюсті ашылады. Ал, Жезқазған қаласында республикалық мүшайра жүлдегерлері марапатталып, «Төртеу түгел болса» тарихи драмасы көрсетіледі.
Мерекелік апта 27 тамызда Сәтбаев қаласында қазақстандық эстрада жұлдыздарының Гала-концертімен қорытындыланады.