Төрегелді ШАРМАНОВ: «Ұлытауым барда – ұлтым бар»

Балғын балалық шағым Ұлытаудың баурайында өтті. Сұрапыл соғыс жылдарына, соғыстан кейінгі жұпыны кезеңге тұспа-тұс келгенімен, «мұңсыз болсаң, баладай бол» дегендей, сыныптас құрбы-құрдастарыммен тау мен тасқа секіріп, көкмайсасына аунап, сылдырап аққан кәусар бұлағының суын сіміріп өскен балдәурен балалық шағымның көріністері мәңгі есімде.

Әсіресе Ұлытаудың биігі саналатын Әулиетаудың бөктері көзімнен де, көңілімнен де кетпейді. Ұлытаудың аты аталғанда ойыма ең алдымен дәл осы Әулиетау бірден оралады. Көз алдымда оның зеңгір көкке шаншыла көтерілген биік тұлғасы аспанмен таласып тұрғандай болып көрінеді. Ұлытаудың баурайында өскен әрбір ұланға осы Әулиетау бойларына қуат беріп, талғамдарын таразылап, қанаттарын қомдап, зеңгір көкке, еркін кеңістікке шырқап ұшатын күш сыйлайтындай. Содан да болар, Әулиетауда қасиет бар деп сезінемін. «Әулиетауға шыққан әр адамның бойы тазарып, ойы жаңарып, жаны жадырайды» дегенді бала кезден естіп өстік.

Тау сырына үңіліп, қасиетін ұғынып өскендіктен де болар, қайда жүрсем де Ұлытауымды ойлағанда осы Әулиетауымды көз алдыма келтірем. Сағынышымды да осы тау арқылы басатындаймын. Сағыныш демекші, Ұлытаудан ең алғаш ұзап шығып, жоғары оқу орнына түскенде Ұлытаудың әр тасын, әр бұлағын жиі-жиі есіме алып жүрдім. Бұлақ демекші, осы Әулиетаудың етегінің өзінде бірнеше бұлақ бар. Солардың ішінде Тасбұлақтың орны – бір бөлек. Одан кейінгі Қайыңдыбұлақ, Саршаның бұлағы, Шыңның бұлағы деп аталатын ондаған бұлақтың кәусары дәмін татқан жанның таңдайынан сірә да бір кетер ме?!

«Ұлытауым барда – ұлтым бар» деп батыл айта аламын. Үш жүздің басын қосқан Ұлытаудың тарихы да, талғамы да тереңде. Ұлытау дегеніміз – ұлт дегеніміз десек, ұлтымыз дегенде ойда Ұлытаудың тұруы да заңдылық.