Есімде қалған есім

(Естелік-эссе)

Абай атамыздың «Асықпай жүріп анық бас…» деген аталы сөзін көзім шалған сайын есіме Жақия қария САДЫҚОВТЫҢ есімі түседі. Өз басым ойын жүйелеп, сөзін өзіне өлшеп сөйлейтін осы ақсақалды 2000 жылдан бері білген едім. Анығы – кенже ұлы Төлегенмен танысқалы. Мен Қаражал қалалық əкімдігінде, Төлеген Ұлытау аудандық əкімдігінде қызмет етіп жүргенде араласа бастаған едік. Ұлт бесігіне іссапармен немесе бейресми жағдайда жол түскенде, ат байлар шаңырағымның бірі осы Жақаңның береке дарыған ордасы болатын…

Əңгімеге ə дегеннен араласа қоймайтын бұл кісі алғаш рет көрген жанға кəдімгідей суық көрінетін. Қалың қасы қабағынан сырғып, қатқылдау өңі адамды бірден таянта қоймайды. Бұл қасиет пе, жоқ сүтпен сіңген мінезбе, оған құмалақ ашудың қажеті жоқ шығар. Бəлкім, ел ісіне ерте араласқаннан қалыптасқан болмыс па, Құдай білсін. Əйтеуір, астатөк төгіле салмайтын жан. Кейінгі бір жолы Төлегеннің үйіне қона жатып қонақ болғанымда қалпы бөлек қарияның жел жағынан келдім бе екен, білмедім, ақтарыла, ашыла сөйлеген сөзін тыңдап, құнарлы əңгімесіне куə болдым. Ұлытауға қарасты Қаракеңгір жерінен Талапқа дейін көшіпқонған ата-бабасының алтын қонысы болған Кеңгір өзенін жағалай өскен Найманның ішінде Қуаттан тарайтын ата тегі туралы біраз тебірене айтқаны бар еді. Арғы атасы Мекке көргенін, қажының немересі екенін де тілге тиек еткен.

Айтып-айтпай не керек, еңсесін көтеріңкі, иығын тік ұстайтын Жақия ағатай кейін өз əкемдей болып, жақыныма айналып кетті. Саятшылап Ұлытауға барғанымда Төлегеннің үйде бар-жоғы да маңызды болмай, осы ақсақалға амандасып қайтқан сəттерім де көп еді. Оңтайы келіп, оңашалана қалсақ, ас-су дайын болғанша аю терісіне отырған адамдай көтеріліп, өз өміріне қатысты өнегелі əңгімелердің біршамасының бетін қайырушы еді жарықтық. Тыңдаушысына да кезек беріп, түйін жасап сөйлейтін адам еді. Ессіз есу, көзсіз көсілу жоқ. Ой баққандығы бой баққандығынан еш күмəнсіз көрініп тұратын.

Тағдыр-талайы шығар, тұңғыш ұлы Бұрхан ағамыз 46 жасында дүниеден озғанда қатты қартайып кетті. Бірақ езілсе де, еңсесін түсірмеді. Сабырына сүйеніп, қайғыны қасқайып қарсы ала білді. Қанағаты бар қария бəріне суық ақылмен, қайсар қайратымен қарай білетін.

Ол Ұлытауды ұлықтағанда алдына жан салмайтын. Төлегеннің ұлы үйленіп той жасағанда, толқығаны болар микрофонға үш рет келді ғой. Сондағы айтқан сөзі санамда қалып қойыпты. «Ұлытаудың жері де, елі де жақсы. Кісі үстінен арызданбайтын өз ұстынын ұстанған пейілі кең халқындай ел көп жерде кездесе қоймайды» деп көсіліп еді. «Ұлытау – менің жерім десем, мен – Ұлытау жерінікі екенмін» деген қанатты сөзі кімді болсын ойландырмай қоймайды (осы сөзі зиратының басына қойылған құлпытасқа жазылған екен).

Ақиқатында тірінің бəрі – жердің жемі ғой. Жасы келген адамның əдемі қартаюы да қанына сіңген тəрбие-тəлім мен өмірдің өнегелі тəжірибесін талап етеді-ау, шамасы…

Қазан-ошаққа араласпай, бала-шағамен жағаласпай, ел ішіндегі жел сөзді жалаулатпай, ағайын арасының дау-шарын алаулатпай, бəріне байыппен қарап, үндемей отырып-ақ төңірегіне үлгі шашатын, төріңді толтырып отыратын қарияны қазына десек, осынау қасиет Жақия ағатайдың тұлғасында тұрғандай-ақ.

Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ақсақал былтыр 80 жастың сеңгірін бағындырып, «аспанның астын» тастап, Жаратушының құзырына кетті. Сарысүйек болып, төсек тартпай, жамбасы тесілгенше жарлық күтпей Жаратқанға қос аяғын тең басқан күйі аттанды.

Жаназа намазының алдында өткен митингте жоқтаған жұрт пен мақтаған марғасқалар тебірене сөз сөйледі. Жиылған жұртта есеп болмады…

Қабір кейде қадіріңнің өлшемі сияқты ғой. Қанша қимасақта, қазыналы қартты мəңгі мекеніне жайғастырып қайттық. Содан бері де, міне, жылжып жыл өтіпті…

Алла рақымына бөлесін Сізді, ағатай!

Соңыңызда қалған ұрпағыңызбен мың жасаңыз!..

 Төлеген ЖАМАНОВ,

 ақын, республикалық жəне облыстық ақындар айтыстарының жеңімпазы.