Көне һәм мәртебелі мамандық

Құрылысшы мамандығы – көне мамандықтың бірі. Адам баласы жер бетінде жаралғалы оны өзіне серік етіп келеді. Ең алғаш тау үңгірінен баспана жасаған сәттен бастап, олар құрылыс саласын үнемі жетілдіре түсуде…

Оған дәлелді әлемнің жеті кереметінен көруге болады. Родос аралындағы Күн құдайы мен Англиядағы Александрия шамшырағы ІІІ ғасырда салынса, Галикаркостағы Мавсол патшаның табытханасы ІV ғасырға тиесілі. Бабыл әміршісінің кіші әйеліне арнап салған аспалы бағы VІ ғасырдан хабар береді. Эфестегі Артемида ғимараты – жер бетіндегі ең үлкен ғибадатхана. Ал, Олимпиядағы Зевс мүсіні мен Париждегі Эйфель мұнарасы, сондай-ақ, Мысыр пирамидалары қанша ғасыр өтсе де, «мұрты шағылмай» бүгінгі күнге жетті.

Өз еліміздегі құрылыс сәулетінің заманауи үлгісі, бірегей бітімімен дүйім елді өзіне тамсантқан «Бәйтерек» монументі – иісі қазақ үшін қастерлі.

Міне, осылардың бәрі – құрыш қолды құрылысшылар еңбегінің жемісі. Тамыздың үшінші жексенбісінде елімізде осынау көне мамандық иелеріне ерекше құрмет-қошемет көрсетіледі. Біз де атаулы мейрам қарсаңында әлеуметтің әлеуетін көтеретін мәртебелі мамандықтың бүгіні мен келешегі жайлы сөз еткенді жөн көрдік

ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ІРГЕТАСЫ

Әр мамандықтың қоғамда алатын өзіндік орны, мәртебесі бар. Сондай қадірлі мамандықтардың бірі – құрылысшы мамандығы. Құрылысшы кәсібі – адамзат өркениетінің бастауы.

Құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы. Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты. Тәуелсіздік жылдарында елімізде құрылыс саласын дамытуға барынша жағдай жасалды. Отандық құрылыс индустриясы қанат жайып, құрылыс материалдарын шығаратын өндіріс орындары көбейді. Қалаларымыз жыл сайын көркейіп, биік үйлер мен ғимараттар бой түзеп келеді. Бұлардың бәрінде құрылысшылардың қолтаңбасы бар. «Қолжетімді баспана — 2020», «Нұрлы жер», «100 мектеп, 100 аурухана» сияқты бағдармаларының іске асуы осы мамандық иелеріне тікелей байланысты екені сөзсіз. Осы бағдарламалар аясында елімізде ықшамаудандар, ауруханалар мен емханалар, мектептер мен балалар бақшасы, спорттық-сауықтыру кешендері салынып, пайдалануға берілді.

Құрылысшылардың арқасында халық жаңа стандарттар мен заманауи дизайнға бой үйретуде. Олардың әр елді мекеннің ажарын ашып, айбарын асқақтататын келісті болуына қосқан үлесі көз сүйсінтеді.

ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫН АЛЫП КЕЛЕДІ

Кез келген азамат елі мен жерінің көктеп-көгергенін қалайды. Бұл тұрғыда қала құрылысы мен сәулетінің орны айрықша. Себебі, елдің елдігі, келешекке деген бағдары – оның құрылысынан білінбек. Осы тұрғыдан келгенде Ұлытау өңірінің бүгінгі тыныс-тіршілігі көңілге қуаныш ұялатады.

Соңғы жылдары Ұлытау ауылында бұрын-соңды болмаған іргелі құрылыс жұмыстары басталып, аудан орталығы қанатын жая түсті. Пәтер кезегінде тұрған тұрғындар баспаналы болып, жаңа үйдің жылуын сезінуде. Мұндай игілікті іске жеке құрылыс салушылар да өздерінің қомақты үлесін қосып отырғанын айта кету ләзім. Қазір селоның әр аумағында жеке адамдар салып жатқан заманауи үлгідегі коттедждер бой көтеріп келеді.

Жалпы, Қазақстанның кез келген өңірінде тұрғын үй салу жұмысы ерекше екпінмен жүргізілуде. Құрылыс қарқыны, тіпті, елде коронавирустың жедел таралуына байланысты төтенше жағдай жарияланып, кәсіпкерлік нысандар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған кездің өзінде бір сәтке саябырсыған жоқ.

Соның арқасында халықтың әлеуметтік осал топтары, аз қамтылғандар мен жастар, бюджеттік ұйым қызметкерлері санатындағы ондаған отбасы жалға берілетін және несиелік пәтерлермен қамтамасыз етілді. Оны өз өңірімізден де айқын сезінуге болады. Ұлытау ауылы мен Жезді, Қарсақбай кенттерінде жаңа үлгідегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар кезегімен бой көтеріп жатыр. Әсіресе, Ұлытау селосындағы көпқабатты үйлер ауыл сәулетіне сән берумен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің артқанын айғақтайды. Сондай-ақ, саябақтар мен скверлер – өңірдегі құрылыс жұмысы қарқынының көрсеткіші. Ал, Қарсақбай, Жезді кенттеріндегі еңселі спорттық-сауықтыру орталықтары ертеңгі күндері өңір мақтанышы болары анық.

Аудан орталығында ғана емес, ауылдық округтерде де үлкен құрылыстар қолға алынатын болады. Денсаулық, білім беру мекемелерінің жаңа ғимараттарын салуға жасалып жатқан жобалық-сметалық құжаттар – соның айғағы.

ТҮЙІН

Ауылдар мен кенттердегі құрылыстар – сәулеттік сұлулық қана емес, сонымен қатар, қатпарлы тарихымыздың бір бөлшегі. Тарих – ұлттың өткен жолы, мәдениеті мен салт-дәстүрі. Ұлытау өңіріндегі тарихи ескерткіштер, мазарлар мен мешіт, медіреселер кешені кешегі өткен бабалар жолын еске салады. Бүгінсіз – ертең, өткенсіз – болашақ жоқ. Құрылыс, бұл – аманат. Аға буынның өзінен кейінгі ұрпағына қалдырар адал аманаты. Аманатқа – адал болайық.

Топтаманы әзірлеген Ізбасар ОЙБАС.