ТЖ министрі Ұлытау облысына жұмыс сапарымен келді
ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Ұлытау облысына жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында министр Жезқазған қаласында салынып жатқан өрт сөндіру депосының құрылысымен танысты. Айта кетейік, биыл Жезқазған және Сәтпаев қалаларында өрт сөндіру деполарының құрылысын бастау жоспарлануда. Сонымен қатар бұл депо жанынан төтеншеліктер үшін еңселі 2 қабатты қызметтік баспана да салынбақшы. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы аталған саладағы ауқымды мәселелерді бірлесе шешуге дайын екендігін айтты.
Сондай-ақ, ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС мыс қорыту зауыты мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС филиалы – «Жезқазғантүстімет» ӨБ Оңтүстік Жезқазған кенішінде болды.
Сапар барысында министр мыс қорыту зауытының балқыту және электролиз цехтарындағы өндіріс циклымен танысты.
Жұмыс сапары аясында, Юрий Ильин Оңтүстік Жезқазған кенішінің №65 шахтасында болды. Министр шахтаға түсіп, ондағы кеншілердің жұмыс жағдайы мен кәсіпорынның технологиялық процесін көзімен көрді.
Кездесу барысында компания кәсіпорындарындағы өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ағымдағы мәселелері талқыланды.