Шаруалар шабындықта жүр
«Жаздың бір күні – қыстың бір айына азық». Мұның мәнісін шаруа баққан жандар жақсы біледі. Сондықтан олар жаздың әр күнін тиімді пайдаланып, қысқа жеткілікті мал азығын дайындау үшін шабындық басында жүр.
ТАСАТТЫҚ БЕРІП, ЖАҢБЫР ШАҚЫРДЫ
Табиғат-Ана соңғы бірер жылдан бері тосын мінез танытып тұр. Өткен жылғы қуаңшылық пен өрттің салдарын ел әлі ұмыта қойған жоқ. Шөптің аз болуы себепті, мал азығы қысқа тақұлтұқыл жеткен шаруалар бар. Олар «бұйыртса соның есесін биыл қайтарармыз» деп, екі алақанына түкірген. Алайда, жаздың басы тағы да аптап ыстықпен басталды. Аспаннан тамшы тамбады. Қардың түсімі де аз болды. Ылғалдың жеткілікті болмауынан шөптің шығымы биыл тағы мардымсыз. Былтырғының кебін киюден қорыққан ел жабыла тасаттық беріп, жаңбыр шақырды. Әуелі «Барақкөлдің» жағасын жайлап отырған диқандар қауымы бастады бұл істі. Кейін аудан орталығының тұрғындары мал сойып, тасаттық беріп, Алладан жәрдем сұрады. Алла – ұлық. Елдің тілегін берді. Маусымның соңы мен шілденің басында үш-төрт күн жаңбыр жауып, аңқасы кепкен жерді жұмсартып, қурай бастаған шөптің басын көтерді. Ел бұған да шүкір десті.
ШӨБІ МОЛДЫҢ – МАЛЫ ТОҚ
Бұл – әлімсақтан бері белгілі қағида. Қазір сол табиғат берген ырзықты шашау шығармай жинап алуға кіріскен шаруалардың бәрі шабындықта жүр. Таңмен ерте тұрып, күннің ыстығында демалып, кешкі салқынмен тынымсыыз жұмыс істеп жатқан жайлары бар. Қысқа қажетті жем-шөпті жеткілікті дайындап алу межесі белгілі. Биыл аудан бойынша 205 мың тонна шөп дайындау қажет. Қазіргі таңда оның 54 мың тоннасы, яғни, 26,3 проценті дайындалды. Қысқы мал азығын дайындау жұмыстарына 815 дана орақ, 560 дана тырнауыш, 35 дана шөп тайлағыш (прес), 420 дана шөптиегіш қатысуда.
Жалпы, биыл 56 771 бас ірі қара, 134 062 бас қой-ешкі және 45 207 бас жылқы қысқа түседі деп межеленіп отыр. Ауданның климаттық орналасу жағдайына қарай, оңтүстік аймақтарға іргелес жерлердегі – Жанкелді, Қоскөл, Мибұлақ селолық округтерінде қыс ұзақтығы 60-90 күн болса, Сарысу селолық округінде 90-120 тәулік, ал қалған Ақтас, Алғабас, Аманкелді, Борсеңгір, Егінді, Жезді, Қарсақбай, Қаракеңгір, Терісаққан, Ұлытау, Шеңбер селолық округтерінде мал қыстату ұзақтығы – 160-180 тәулік. Осы жағдайларды ескере отырып, қысқа түсетін малдарға жалпы 150-165 мың тонна мал азығы толықтай жетіп, қыстан малдарды аман есен алып шығады деп пайымдап отыр мамандар.
БАҒАНЫ ТҰРАҚТАНДЫРУ – НАЗАРДА
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне қарағанда, Ұлытау ауданы бойынша 2022-2023 жылдарға арналған шаруашылықтың барлық санаттарына ауыл шаруашылығы жануарларын мал азығымен қамтамасыз ету жөнінде іс-шара жоспары жасалыпты. Онда жергілікті шаруашылықтарда тиісті шөп шабуды ұйымдастыру, ауыспалы шөп қалдықтарын түгендеу, мал қыстату жұмыстарын тиімді ұйымдастырумен қатар, жеке тұрғындарға қажетті жем-шөп мөлшерін анықтау да қарастырылған. Осы мақсатта мал азығы бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу де тапсырылған. Аталған іс-шаралар жоспарын орындау үшін кенттер мен ауылдық округтер әкімдері өздері жауапты елді мекендер аумағындағы шаруа қожалықтарымен және ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізіп, ортақ мүдделі шаруаны бақылауда ұстап отыр.
Біздің қолымызға келіп түскен ақпаратқа сүйенсек, жергілікті тұрғындарды қысқа қажетті шөппен қамтамасыз ету қазір бірқатар округтерде ұтымды жүргізіліп жатыр. Мысалы, Сарысу селолық округінде тұрғындарға тайланған шөптің бір данасы – 450 теңгеден, Мибұлақ ауылында – 700 теңгеден сатылуда. Сонымен қатар, «Бекетаев» шаруа қожалығы Терісаққан, Шеңбер елді мекендеріндегі тұрғындарға өздерінің көліктерімен тайланған шөптің бір данасын – 700 теңгеден, Ал Ұлытау ауылы мен Жезді кентіне елді мекендеріне өз көліктерімен жеткізіп, жердің шалғайлығына байланысты 800 теңгеден сатуда. Қалған елді мекендерде шөп шабу науқаны әлі жүріп жатуына байланысты жергілікті тұрғындарға шөп сату басталмаған.
ТҮЙІН
Халқымыз «шөмелені шөбім бар» деп айтпа деген. Аудан бойынша дайындалатын 250 мың тонна шөпті әзірлеу – оңай шаруа емес, әрине. Әсіресе, табиғат қазіргідей тарпаң мінез танытқан кезде бұл міндеттің үдесінен шығу, тіпті, қиындай түседі. Оның үстіне жанар-жағар май бағасы да «бірде бие, бірде түйе». Бөлшек саймандар мәселесі – өз алдына өзекті. Ұлытау ауданында ауыл шаруашылығы техникаларына қажетті бөлшек саймандар сататын сауда орындары жоқ. Ел қанаттас жатқан қос қалаға барады. Соған қарамастан, шаруа қожалықтары иегерлері қолда бар барлық мүмкіндіктерін жұмылдырып, шөп шабу науқанын барынша ойдағыдай өткеруге күш салуда. Сөйтіп, қалай болғанда да, жаздың қолайлы кездерін пайдаланып қалуға тырысуда.
Әрине, қауіпсіздік шаралары да қатаң назарда. Бетін ары қылсын, алда-жалда өрт тұтана қалған жағдайда қолданылатын құралдар дала қостарына жеткізілген. Мұның сыртында биыл бірқатар ауылдық округте өрт сөндіру бекеттері ашылды. Мұның өзі дәтке қуат. Ең дұрысы – сол қатердің болмағаны. Қалың елдің тілегі – осы.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.