Бұқаралық спортты дамыту — басты назарда

Өткен аптаның соңында ауданға жұмыс сапарымен келген Ұлытау облысы дене шынықтыру жəне спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Саят БАЛМАҒАНБЕТОВ аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВПЕН кездесіп, өңір спортын дамытуға қатысты атқарылатын жұмыс жоспарын талқылады.

Сапардың негізгі мақсаты – облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының тапсырмасына сәйкес, «Олимпиадалық, бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін дамыту» бағдарламасының орындалу барысы және аудан бойынша спорт нысандарының 2022 -2023 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық деңгейін бақылау болды.

Кездесуден соң басқарма басшысы аудан орталығындағы спорт кешені мен стадионның жай -күйімен танысты. Жезді, Қарсақбай кенттеріне атбасын бұрды. Бүгінгі күні Жезді кентінде 160 орынға арналған дене шынықтыру -сауықтыру кешені салынуда. Ал, Қарсақбай кентінде 100 орынға арналған кешен жұмыс істеп тұр.

Сапар барысында Саят Сәбиұлы Ұлытау ауылы мен Жезді, Қарсақбай кенттеріндегі спорт жанашырлары және жастар қауымымен жүздесіп, емен жарқын әңгімелесті. Онда ортақ мәселеге қатысты ұсыныс -пікірлер айтылып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыс бағдары айқындалды.

Өз тілшімізден.