Ұлытау облысының ардагерлер ұйымы құрылды

Бүгін Ұлытау облысы ардагерлер ұйымының алғашқы конференциясы өтті. Конференция жұмысына «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Оралды Төреғожин, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы қатысты. Естеріңізге салсақ, Ұлытау облысының ардагерлер ұйымын құру туралы шешім «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның 20 мамырда өткен кезектен тыс съезінде ХІХ съезінде қабылданған болатын.
Конференция күн тәртібіне сай, ұйым төрағасы сайланып, делегаттар Қарағанды облысының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Сағындық Үсенұлы Қожамсейітов кандидатурасын бір ауыздан қолдап, дауыс берді.
Сонымен қатар, ұйымның 28 мүшеден тұратын облыстық кеңесі, 7 ардагер енетін алқа құрамы бекітілді.
Жиын барысында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов баяндама жасап, ардагерлердің жастар тәрбиесі, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, ұлт тарихын насихаттау ісіндегі рөліне кеңінен тоқталды. Республикалық ұйым жетекшісі сонымен қатар облыс басшысы Берік Әбдіғалиұлы мен бірқатар ардагерге ұйым жұмысына қолдауы, белсенді қоғамдық қызметі үшін алғыс хат табыс етті.
Облыс басшысы аймақ ардагерлерін ұйымның құрылуымен құттықтап, Бақтықожа Салахатдинұлына алғысын білдірді.