Тарихи ескерткіштер өткеннің куәсі
Ұлытау тарихының небір қатпары бағзы заманның еншісінде жатыр. Оның тарих тұңғиығынан тартылған терең тамырлары көне ескерткіштер. Əсіресе, қасиетті өлкедегі қолөнер шеберлерінің кəсібін айғақтайтын бедерлі белгілер аз емес. Тастағы таңбалар мен бейнелер, кесенелер, тас мүсіндер өткен тарихтың куəсі іспеттес. Бұлар тұнып тұрған тарих, өскелең ұрпақ үшін ең бағалы құндылық болып қала бермек. Газетіміздің бүгінгі санында құнды мұраларға шолу жасап, толығырақ мəлімет беруді жөн санадық.
ДҮЗЕН КЕСЕНЕСІ
Он тоғызыншы ғасырда салынған ғұрыптық ескерткіш. Бұл кесене Қаракеңгір өзенінің оң жағалауында Қарақұдық сайында орналасқан.Дүзен Сандыбайұлы қабірінің басына тұрғызылған мазар. Алаша хан кесенесіне ұқсас. Оған ұқсас болу себебі, Дүзен қайтыс болғаннан кейін оның баласы Жанұлы Алаша хан кесенесіне ұқсастырып, дəл сондай мазар салуды жоспарлапты. Елден шеберлер іздеп, кесене салуға сəулетші іздеген деген дерек бар. Ақыры ойлана келе кесене салу құрылысын Сералы қожа Еламанұлына жүктепті. Ал, Сералының есімі осы күнге дейін ел жадында қалған он тоғызыншы ғасырдағы əйгілі сəулетші. Ол өз дəуірінде күйдірілген кірпіштерден сан алуан кесене салған қазақ сахарасындағы атақты шебер, Ұлытаудың тумасы. Оның қолтаңбасы Торғай, Тамды, Терісаққан, Кеңгір өңірлерінде жиі кездеседі. Дүзен кесенесіне қайта оралсақ, бұл кесенені салу оңайға түспеген көрінеді. Ел аузындағы деректер бойынша айтсақ, кесенені салу үшін Сералы 40 жігітпен мың кірпіш құяды. Алғашқы құйылған кірпіштері сапасыз болып, күзгі жаңбырда үгітіліп қалауға келмей қалады. Еңбектері зая кетіп көп шығынға ұшырайды. Бірақ, бұған Жанұлы мойымайды. Қалайда, кесене салдырамын деген ниетпен алған бетінен қайтпайды. Кірпішті сапалы қылып құюды үйрету үшін арнайы 22 атпен, жанына 10 жігіт қосып, Сералыны Түркістанға жібереді. Сералы қыс бойы Түркістанда кірпіш қүйдірудің үлгісін үйреніп, жазда Ұлытауға оралады. Бұл 1863 жыл болса керек. Сол жылы ол қасына 60 жігітті ертіп, кесененің алғашқы құрылысын бастайды. Мазарды Алаша хан кесенесіне ұқсату үшін əрбір шақырым сайын аттылы адамды қойып, олар əр кірпіштің қалай орналасқанын бір-біріне жеткізіп отырады. Сөйтіп, 25 шақырым жердегі Алаша хан кесенесінің үлгісімен Дүзен мазарын қалайды. Осындай төгілген тер, орасан еңбекпен мазарды 1866 жылы толықтай аяқтайды. Қазіргі кесененің көлемі күрделі пештақты-күмбезді, текшеленген құрылыс. Бұл құрылысқа материал сол жердің топырағынан дайындалыпты. Ғимараттың бүрмеленген күмбезі 10 қырлы мойындықпен көтерілген. Іргесі сыртқы көлемі 8,5×10, 2 метр, ішкі өлшемі 5,4×5,4 метр. Кірпіштері қалың майлы- балшық ерітіндісімен өрілген. 2015 жылы бұл кесене қайта жаңғыртылды, өзгерту енгізілген жоқ. Күмбез көркейтіліп, қасбетті жаңартылды, бастапқы тұрпаты сақталып қалынды. Бұл кейінгі кəсіби шеберлердің еңбегінің нəтижесі. Ең бастысы, кесененің əуелгі келбеті сол қалпында.
ПЕТРОГЛИФТЕР
Орталық Қазақстандағы бейнелеу өнерінің көне ескерткіштері Ұлытау өңірінде. Өлкедегі петроглифтер «Аңдық стиль» бейнелеу өнеріне жатады. Сақ дəуірінен, қола дəуірінен жəне орта ғасырдан сыр шерте алады.Бұл петроглифтерге XX ғасырдың 40-шы жылдарында Əлкей Марғұлан назар аударып, қысқаша сипаттама жазған. Осы тасқа салынған суреттерден аңдар, жан-жануарлар, қиял-ғажайып нысандардың сан алуан топтамаларын кездестіруге болады. Əсіресе, Теректі Əулие кешеніндегі петроглифтер əр дəуірді меңзейді. Осындай тасқа салынған суреттер Шеңбер ауылынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан Байтілеу елді мекенінде де ұшырасады. Мұндағы петроглифтер жануарларды аулау сəттерінің көріністері, адамдардың бейнелері кескінделген төрт топтан тұрады.
МАХАТ САҒАНАСЫ
Шеңбер ауылынан солтүстік-батысқа қарай 10 шақырым жерде Махат сағанасы бар. Бұл сəулет құрылысы 1923 жылы жергілікті бай Махат Саржанұлының тапсырысымен салынған. Өкінішке орай, Махат мұнда жерленбеген. Кесенеде оның ұрпақтары жерленген. Кесененің сыртқы келбеті кəдімгі күмбезді мазарға ұқсағанымен, ішкі жағы өзгешелеу. Мазарда əйел мен еркекке арналған екі қабір бар. Өзгешелігі қайтыс болған кісіні бірден қабірге жерлемеген. Əуелі жер асты камерасына қойған. Кезекті туысы қайтыс болған кезде барып, алдыңғы сүйектерді қабірге жылжытып отырған. Оның орнына одан кейін қайтыс болған кісінің мəйіті жатқызылған. Қазіргі уақытта мазарда Махаттың 20 шақты ұрпағы жерленген. Ал, мазардың сыртқы көлемі 5,5х5,6 метр. Жалпы биіктігі 6 метрге жақындайды. Құрылысына көлденеңнен 26×12×7 см болып келетін кірпіштерді пайдаланған. Сыртқы бұрыштары мен қабырға жиектерін кірпішті жартылай доғал қалау арқылы шығыңқы бағанмен өріп шығарып отырған. Күмбез дөңгелек негіздің үстіне орнатылыпты. Ал қасбеті П пішіндес белдеумен əшекейленіп жасалған. Оның ортасында доғалы тəріздес кіреберіс есігі бар. Дəліз арқылы сатымен бір метр тереңдікке қабірге түсуге болады. Ол арадағы есік шымылдықпен жабылған. Мұндағы екі қабірдің өлшемі-1,5×2,2 метр. Қабірдің бұрыштарынан шаршы пішіндес саңылау қалдырылған. Бұл мазардың басқалардан өзгешелігі осында.
Қайрат ЖҰМАБАЙ