Медицина нысандарына мән беріледі

Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы, облыстық маслихат хатшысы Бауыржан Шыңғысов, қала әкімі Қайрат Шайжанов Жезқазған қаласындағы бірқатар медициналық нысандарды аралады.
Ең бірінші ауруханалар кампусындағы консультативті-диагностикалық орталыққа бас сұқты. Нысанның іші толықтай күрделі жөндеуден өткен. Оның жұмысымен танысып, қызметкерлердің өтініш-тілектерін тыңдады.
Бұдан бөлек қабырғалас орналасқан емхана шатырын ауыстыру мәселесі қызметкерлер тарапынан көтерілді. Өңір басшысы айтылған мәселеге мән беріп, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді тапсырды. Және айналаны абаттандыру, автоматты суару жүйесін орнату бойынша да есеп-қисап жұмыстарын дайындауды жүктеді.
Сонымен қатар бейімдеу орталығының да ғимаратына барып, нысанның жұмысымен танысты. Қазіргі күні бейімдеу орталығы психикалық денсаулық орталығы ғимараты базасында жұмыс істеп тұр. Сондықтан жауапты мамандарға бұл нысанды басқа ғимаратқа көшіру жұмысы бойынша ұсыныстар беруді тапсырды. Өйткені, бұл ғимарат базасында аутизммен ауыратын балаларға арналған 3 күндізгі емдеу палаталарын ашу жоспарда бар.