Жошы ханның қазасы кімнен?

Бұл сұрақ ғасырлар бойы халықтың көкейінде жүрген сұрақ. Бірақ күні бүгінге дейін нақтылы жауабы жоқ, шешілмей келе жатқан жұмбақ. Жошыханның қазасы туралы аңыз-əңгімелер көп. Əркім əртүрлі айтады. Бір аңызда құнанға мініп, аң аулауға шыққан бала етіп көрсетіп, Жошыны құлан шайнап өлтірді десе, енді бірі аңызда өз алдына хандық құрып, əкесіне бағынбай кетіп, өзіне қауіп төнетін болған соң Шыңғысхан адам жіберіп, өзі өлтіріп, Жошыны құлан шайнап өлтірді деп жалған ақпарат таратқан дейді.

Менің бала кезімде үлкен кісілер біреу өтірік қисынсыз əңгіме айтқанда:

«Алашахан, Жошыхан,

Арқада құлан жосыған.

Ақсақ құлан кездесіп,

Қуды дейді Жошыхан.

Өзі батыр, өзі хан Жошыны

Құлан шайнап өлтірді,

Деген сөзден шошынам

Нанасыңдар ма осыған» — деп анау адамның өтірік, қисынсыз əңгіме айтып отырғанын астарлап айтып, бетіне басатын еді. Сол қазыналы қариялардан бұны көп естігендігімнен болар, осы шумақ санамда сақталып қалды. Сондай-ақ, «Қасында жүрген қорғаушысы, қосшысы, құлан шайнап өлтірді деп Жошыны, кім шығарды екен осыны» деген мақал да болатын. Расында да жауды жапырып, талай қалаларды басып алып, талай тайпаларды бағындырып, қазіргі Қазақстан жерінің жартысынан астамына билігін жүргізген, соңында нөкері, қасында қорғаушылары жүретін, белінен бес қаруы түспейтін, өзі батыр, өзі хан Жошыны даланың кішкентай тағы жылқысы, құлан шайнап өлтірді деу құлаққа кірмейтін, ақылға сыймайтын əңгіме. Бұған есі бүтін ересек адамдар түгілі, есін білетін бала да сенбейді. Жошыхан ол кезде бала емес, қырықтың қырқасына шыққан ұлан-байтақ жерге билігін жүргізген ұлысты ұйыстырған қаһарлы хан.

Жуырда, нақтырақ айтқанда, 3 тамыз 2021 жылы Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде жарияланған тарихшы Ерғазы Қабашұлының «Жошыхан» деген мақаласында, Жошының Ертістен Орал тауына дейінгі ұлан-байтақ жерге билігін жүргізгенін айта келіп, «Əрине, Жошы сияқты ханды жабағының үлкендігіндей құлан шайнап өлтіруі қисынға келмейді. Демек өз дегенін орындатып үйренген Шыңғысхан ашу үстінде өз қолымен өлтіруі əбден мүмкін» дейді. Тарихшы дұрыс болжам жасаған.

Мен ғалым да, тарихшы да емеспін. Қарапайым журналистпін. Алайда, өзім ес білгеннен бастап, ел аузындағы аңыз-əңгімелерді жинап жүремін. Естігенімді есіме сақтап, көргенімді қағазға түсіріп отырдым. Осы Жошыхан туралы аңыз-əңгімелер мені қатты қызықтыратын.

Сондай-ақ, Ұлытау өңірінен шыққан батырлардың ерліктері, тарихи оқиғаларды бір сəт назарымнан тыс қалдырмай жазып алып отырамын. Мен жас кезімдегі қазыналы қарттардың көкірегі тарихи əңгімелерге сақталған мұрағат сияқты еді. Бірінің айтқанында сəл ауытқу болса, екінші қария түзетіп, толықтырып отырушы еді. Сол бір шежірелі абыз аталарымызды сағынышпен еске аламыз. Жандары жаннатта болсын.

Солардан естіген бір аңыз əңгімеде: Жошыханды туғаннан кейін Шыңғысхан өлтіргісі келеді. Сөйтіп, баланы көруге келіп, қолына алып қарағанда таңқаларлық жағдайды көреді. Жошының оң жақ иығынан бастап шынтағына дейін жылқының жалы сияқты қыл өсіп тұр екен. Шыңғысхан «Бұл көктəңірінің нышаны ғой, бұл бала ерекше азамат болады екен»-деп өлтірмекші болған ниетінен бас тартып, өзімнің балам деп мойындайды. Алайда, оның ойында күдік сақталып қалады.

Жошы өсе келе ерекше ерліктерімен айрықша көзге түседі. Мұны інілері көре алмайды. Бірде Шыңғысханның алдында Шағатай Жошыға қарсы шығып «Сен біздің бауырымыз емессің. Сенің қаның бөлек. Меркіттің баласысың» – деп ашық айтады. Оған Шыңғысхан қатаң тойтарыс береді. Осыдан кейін Жошы əкесінен рұқсат алып, өзінің жасағымен бөлініп кетеді. Жошы талай-талай тайпаларды біріктіріп, ұлысты ұйыстырып, өз алдына хандық құрып, Шыңғысханның ырқынан шыға бастайды. Бұл Шыңғысханға үлкен қауіп төндіреді. Сөйтіп, Жошыны өлтіруге адамдар жібереді. «Жошының басын алмаңдар, олай етсең өз ажалының адамнан болғаны білініп қалады. Оның оң жақ қолын иығынан бастап шауып əкеліңдер. Мұны өздеріңнен басқа тірі жан білмейтін болсын. Егер қателік жіберсеңдер бастарыңды аламын» — дейді.

Оларды Жошыхан қарсы алып, аң аулауға ертіп шығады. Алдарынан бір үйір құлан кездесіп, Жошының адамдары жабыла қуа жөнелгенде, Шыңғысханның жаналғыштары Жошыны қоршап алып, белін бұрап өлтіріп, қолын шауып алып, Шыңғысханға əкеліп береді. Шыңғысхан Жошының қолы екеніне көзі жеткеннен кейін, өлтірген адамдардан бір адам қалдырмай өлтіртіп жібереді. Одан кейін Жошының иығындағы нышанды білетін Бөртені босандырған əйелдерді іздетеді. Олар еш жерде болмай шығады. Шыңғысхан қасына үш-төрт адамды алып, Қарақорымның жазығына апарып қолды жерлетіп, ол адамдарды да өлтіртіп жібереді де, қорымның үстінен мыңдаған жылқыны айдатып жермен жексен етіп білдіртпей жіберіпті –дейтін. Бұл аңыз Жошыны Шыңғысханның өзі өлтіртті дегеннің қисынын қиюластырып тұрғандай. Өйткені Марғұлан Жошыханның қабырын ашқанда оның бір қолы жоқ болып шыққаны белгілі. Құлан арыстан емес, жолбарыс емес, қасқыр да емес, Жошының бір қолын жеп қойған дейтін. Адамның қарасынан емес, исінен қашатын даланың кішкентай жылқысы емес пе? Яғни, Жошыханды құлан шайнап өлтірді деу қолдан шығарған сценарий бойынша жасалған спектакль. Тағы бір шешімі жоқ жұмбақ – Шыңғысхан «Жошының өлігін естірткен адамның кеудесіне қорғасын құямын» деуінде қандай құпия сыр жатыр? Неге оның өлгенін естіртпеу керек? Жошының өлгенін ешкім білмеу керек болғаны қалай? Оның өлгенін неге жасыру керек болды? Қалай дегенде де Жошыханды Шыңғысханның өзі өлтіртті дегеннің қисыны келіп-ақ тұрған сияқты.

Халқымыз «Өтіріктің шыңына емес қисынынан» — депті ғой. Жошының қолының қабірінде жоқ болып шығуы, осы Шыңғысханның Жошыны өлтіртіп, қолын алдырып, білдіртпей жерлеуі, қолды əкелген адамдарды да өлтіріп жіберді деген шындыққа жанасып-ақ тұр.

Тағы бір осыған ұқсас аңызда «Шыңғысхан өлгенде Құбылай бастаған балалары əкеміздің аруағын жау мазаламасын деп Шыңғысханды ешкімге білдіртпей жерлеп, үстінен мыңдаған жылқыларды айдап таптатып жіберген» — дейді. Бұлай етулері де мүмкін. Əкесінің Жошының қолын жерлеуінен тəжірибе алған шығар. Қазір Шыңғысханның қайда жатқаны күні бүгінге дейін белгісіз болып келе жатыр ғой.

Қорыта айтқанда, Ұлыстың ұлы ханы Жошыны құлан шайнап өлтірді деу оның аруағын мазалайтын, елді намысына тиетін əңгімеден біздің ғалымдарымыз бен тарихшыларымыз Жошыханды келеңсіз, кенеуі жоқ аңыздардан арашалап алуы керек. Кейінгі ұрпаққа мүмкіндігінше ақиқатын жеткізуге тиіспіз.

Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Ұлытау ауданының құрметті азаматы.