Ұлытау облысында алғашқы көтерме-тарату орталығу ашылды
Орталықтың ашылуына облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы, облыстық мәслихат хатшысы Бауыржан Шыңғысов, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары қатысты.
-Жердің шалғайлығы мен қатынастың қиындығына байланысты біздің аймақта азық-түлік нарығындағы жағдай біршама қиындық туғызып келді. Соған қарамастан, жергілікті билік бұл мәселенің оң шешімін табуына қашан да мүдделілік танытып, қажетті шараларды қабылдаумен келеді. Жаңадан ашылғалы отырған көтерме-тарату орталығы облысымыздағы елді-мекендерге азық-түлікті үздіксіз жеткізу мен бағаның шарықтамауына оң әсерін тигізеді деп сенемін. Орталықтың заманға сай құралдармен жабдықталуы, білікті мамандармен жасақталуы осы нарықтағы әділ бәсекелестік пен сауда мәдениетінің жаңа деңгейін қалыптастырары сөзсіз, — деді аймақ басшысы ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.
«ULY DALA» ЖШС және «К Ютария Ltd» ӨИК» ЖШС бастамасымен ашылған орталықтың аумағы 2500 ш. м. құрайды.
Жаңа логистикалық оператор толыққанды инфрақұрылымға және тоңазытқыш камералармен, паллет фронтальды және тауарларды (ет, көкөніс және бакалея) сақтауға арналған орташа жүк стеллаждарымен жабдықталған заманауи терминалдарға ие.
Орталық азық-түлік тауарларын сақтауға және жинақтауға, айына 1150 тонна көлемінде көтерме сауданы ұйымдастыруға мүмкіндік береді, жылына бұл көрсеткіш 13800 тоннаны, оның ішінде 350 тонна етті құрайды. Орталық қаланың кәсіпкерлері мен сауда нүктелеріне ет, бакалея өнімдерін сақтау бойынша қызмет көрсетеді.
Бұл көлем өңір халқын азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, 1,5-2 ай бойы азық-түлік өнімдерімен және бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз ету үшін Ұлытау облысының сауда желілері мен тамақтану кәсіпорындарына азық-түлік өнімдерін үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етеді.
Жобаны жүзеге асыру аясында жаңа 55 жұмыс орны ашылады.