Аймақ басшысы Сәтбаевтағы бірқатар жобалармен танысты
Кеншілер қаласына жұмыс сапары барысында Берік Әбдіғалиұлы бірқатар құрылыс, өндіріс нысандарында болды.
Облыс әкіміне «Самға» ЖШС салып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы таныстырылды. Компания өз қаражатына 4 көп қабатты үй салуды бастады. Қазір 20 пәтерлі екі үйдің құрылысы аяқталып, иелерін тапса, 30 пәтерлі тағы бір үйдің құрылысы қызу жүріп жатыр.
Берік Әбдіғалиұлы сонымен қатар, Сәтбаев қаласындағы минералды су зауытында да болды. Зауыт «Қазақмыс» корпорациясы мен «Uly Dala» ЖШС тапсырысы бойынша ауыз су өндірумен айналысады. Компания басшылығы өндіріс ауқымын кеңейтіп, кәсіпорынды модернизациялауды жоспарлап отыр.
Өңір басшысы жауапты мекемелер мен компания басшылығына мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, зауыт өніміне ребрендинг жасауға кеңес берді.
Сондай-ақ, облыс әкімі Сәтбаевтағы индустриалды аймақ құрылысына бекітілген аумақ пен кәріз жүйесі коллекторының құрылыс жұмысымен танысты.