Аймақ басшысы облыс ақсақалдарымен кездесті

Ұлытау облысының әкімі Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінде аймақ аумағындағы қазына қариялармен мақсатты кездесу өткізді. Келелі басқосуға облыс басшысының шақыруына сәйкес, Ұлытау, Жаңаарқа аудандары мен Қаражал, Сәтбаев, Жезқазған қалаларының көнекөз қарттары қатысты.


Елдегі береке мен бірліктің бастауы, ақылдың кені саналатын қариялардың еңбек жолы – жас буынға үлгі-өнеге, ақыл-кеңесі – бағалы. Жүздесу барысында аймақ басшысы ардагерлерді жаңа облыстың ашылуымен ақжарыла құттықтап, олардың қоғамда үлкен беделге ие екенін атап өтті.


– Ұлытау облысының құрылуы көптеген жерлестерімнің қуанышымен ұласып жатыр. Аймақтың күрделі мәселелері оңтайлы шешіліп, жағдай түзеледі деген халықтың үміті зор. Кеше ғана осы жерде Мемлекет басшысының қатысуымен республикалық деңгейде Ұлттық құрылтай өткізілді. Облысымыздағы ең алғашқы іс-шара абыройлы өтті. Оған атсалысқан барша жерлестеріме алғысымды айтамын. Мен де ең алғашқы кездесуімді ақсақалдармен бастап, баталарыңызды алып, өздеріңізбен өңірдің болашағы туралы жоспарларымды бөліскім келеді, – деген өңір басшысы қатысушыларды ашық әңгімеге шақырды.

Қариялардың тарапынан көтерілетін мәселелерді зерделеп, оларды облысты дамытудың стратегиялық жоспарын құру кезінде ескеретінін мәлімдеді.
Ақсақалдар өз кезегінде елді мекендердегі коммуналдық мәселелерді, ауызсудың жетіспеушілігі, жолдар сапасының нашарлығы, экология, денсаулық сақтау салаларындағы түйткілді жайттарды көтерді, сондай-ақ, инвестиция тартуға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.
Кездесу түйінінде аймақтың қадірлі қариялары облыс әкімінің қызметіне табыс, алдағы жоспарлы істеріне сәттілік тіледі. Шынайы пейілмен бата берді.

(Облыс әкімі баспасөз қызметінің
материалдары негізінде әзірленді).