Ұлытау облысының әкімі аймақтың негізгі үш мәселесін атады

Жаңадан құрылып жатқан Ұлытау облысының тұрғындарына экологиялық өтемақы төлеу мәселесі зерттеледі. Аймақ басшысы Берік Әдіғалиұлы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Ұлытау өңірінде бірінші кезекте қолға алынатын негізгі шаруаларды атады.

«Ертең өңірге Мемлекет басшысы да келгелі отыр. Сол кезде Президенттің алдында көтеретін ең үлкен мәселе – Қызылорда-Жезқазған жолын созбай, тездетіп бастап, бітіру. Өйткені бағаның өзгеруіне байланысты жобаны қайта қарағылары келіп, өз тараптарынан жұмыс істеп жатыр. Екіншіден, экология мәселесі бар. Осы мәселені көтергіміз келіп отыр. Біз Арал өңіріне кіреміз, содан кейін гептил мәселесі бар. Экологиялық зардаптар дәлелденсе, қосымша әлеуметтік көмек көбейеді. Бұл үлкен қолдау болады. Үшіншіден, Жезғазған қаласының, жалпы өңірдің ауызсу мәселесі бар. Бізде инфрақұрылымдар әбден тозған. Жаңаарқа, Сәтпаев, Ұлытау, Жезқазған – бәрінде де кәріз жүйесі, су құбырлары әбден тозған. Осының бәрін Үкіметтің қолдауымен, «Қазақмыс» коропорациясы бар, бірігіп, тез арада шешуді негізгі міндет деп топшылап отырмыз», — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ Берік Әбдіғалиұлы қайта құрылған өңірді түлету үшін қосымша қаражат керек екенін жеткізді. Өңірдің жер қойнауын игеріп отырған өнеркәсіп алпауыттарынан да демешуілік қаржы тарту көзделіп отырған көрінеді.

«Әрине одан басқа да жобалар бар. Қазір халық санының өскеніне байланысты тұрғын үй мәслесін шешу керек болады. Қаражалда жол мәселесі, Жаңаарқада жаңа кәсіптер ашу, Ұлытаудағы су, электр проблемалары – қазіргі таңда ең алғашқы кезекте тұр. Қосымша қаражат сұраймыз, әрине. Өйткені бұл бір жылда ғана шешілетін мәселелер емес, алдағы 2-3 жылда істелетін жұмыс. Сондықтан біз оның бәрін жоспарлап, дәлелдеп, негіздейміз. Демеушілік қолдау да бар. «Қазақмыс», «Қазцинк, «Арселор Миттал» деген мекемелер бар. Олармен де жұмыс істейміз», — деді Ұлытау облысының әкімі.