Сарысуда өткен ДҮБІРЛІ ДОДА ұлттық спорт ойындарының дәрежесін асқақтатты

Өткен демалыс күндері Сарысу ауылына ағылған көліктің санында есеп болмады. Бұлай болатынының да жөні бар. Әлеужеліні желпінткен жарнамадан бұл доданың даңқы бүкіл елді шарлап кеткен еді. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, ауыл азаматтарының осы дүбірлі додаға ұйытқы болып, өз үлестерін қосатынына жұртшылық «бәрекелді» десті…

 

Көктемнің соңы, жаздың басы шаруа баққан адамның бір сәт тыныстар кезеңі. Төлі алынып, егіні салынып біткен ел осы бір қасқағым сәтте шаруадан қолдары босап «ух» деседі. Сарысулықтар да сол шуақты сәтті пайдаланып қалды. Аймаққа сауын айтып, «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген атаумен ұлттық спорт ойындарынан дүбірлі дода өтетінін жар салып жеткізді. Халқымыздың салт-дәстүрін, болмысы мен рухын әйгілейтін ұлы дала ойындары кімді де болса бейжай қалдырмайтыны белгілі ғой. Қазақ сахарасының ана бір шетінде ұлттық спорттан жарыс өтеді екен дегенді естігенде тайлы-тұяғымен өре түрегелетін қазаққа фестиваль өтеді деген соң не жорық. Темір тұлпарларына мініп, додаға қосатын аттарын «арбаға» тиеп, ағылып жатыр емес пе.

Жалпы, ұлттық спорт ойындарынан мұндай бақ сынасар бәсекелер Ұлытау-Жезқазған өңірінде соңғы үш-төрт жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді десек болады. Әуелі ауылдарда, балалар арасында басталған көкпар мен тай жарысы келекеле аймақтық деңгейге айналды. Ауыл мен ауыл, аудан мен аудан бәсекеге түсетін болды. Биылдың өзінде мұндай ат спортының түрлері Ұлытау ауданының Борсеңгір, Шеңбер, Қаракеңгір, Егінді ауылдық округтерінде өтіп, ұлттық спортты сүйетін, оны бағалай білетін азаматтардың басын біріктірді. Осылайша, аймағымызда ұлттық төл өнерімізді жас толқынға жеткізуде айшықты шаралар өтіп жатыр. Уақыт озған сайын қарқынды дамып жатқан әлемдік жаһандану дәуірінде ұлтымыздың ұлылығын танытатын рухани құндылықтарымызды кейінгі толқынға жеткізу бағытындағы ұлт алдындағы бұлжымас парызымыз осылайша жүзеге асуда. Соның бірі осы Сарысу ауылында өткен ұлттық спорт ойындары фестивалі.

Ауылда өткен дүбірлі додаға әрісі Алматы мен Қызылордадан, берісі Қарағанды облысының аудандары мен қалаларынан аламанға қосатын атын, қалы кілемге шығаратын балуанын, кір тасы мен құлжадай қошқарларды көтеретін білді де білекті жігіттерін алып келді. Олар байрақты бәсекеде шеберліктері мен икемділіктерін ортаға салып, аймағының намысын қорғады.

Орайы келгенде айта кетейік, тәуелсіздік жылдары ата-бабамыздан қалған ұлттық спорт ойындары қайта түлеп, кәсіби спорт дәрежесіне дейін көтерілді. Бүгінгі күні ұлттық спорт түрлерімен айналысатын азаматтардың қатары артып келеді. Оған сайысқа сайланып келген нар тұлғалы жігіттердің саны айқын дәлел.

Дүбірлі доданың шымылдығын ауыл әкімі Сәтжан Құрманбаев ашып, алыс-жақыннан келген тойшыл қауымға қош келдіңіздер дей отырып, спортшыларға бәскеде бақ пен бап қатар келетін сәттілік тіледі. Өз кезегінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов жұртшылықты құттықтап, ұйымдастырушыларға алғысын айтты. «Мұндағы басты мақсат – ұлттық ойынды қайта жаңғырту, дамыту және халық арасында кеңінен тарату», деп түйіндеді өз сөзін Мақсұт Сәрсенбайұлы.

Ашылу салтанатында сарысулықтардың атынан сөз алған аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жамсап Әшенов Сарысу ауылының тарихына шолу жасап, берекелі ауылдың шыққан белестерін саралап, бүгінгі жетістіктерін елге жария етті

Салтанатты шара барысында сарысулықтар кешегі сәуір айында өткен Азия чемпионатында бокстан республика чемпионы болған жерлестері, жас қыран – Нұрбол Сұлтанбаевтың иығына шапан жауып, қолына бір миллион теңге ұстатты. Дәл осындай сый-сияпатқа ауылдағы думанға ән-шашуын алып келген жас әнші Қуандық Рақымға да көрсетілді. Қуандыққа әкесінің достары ат мінгізді. Қазақтың ғана қолынан келетін дархандық емес пе, бұл.

Осындай сый-сияпатқа ұласқан ресми ашылу рәсімінен кейін ауыл имамы Әнуар қажы о дүниелік болған ауылдастарының рухына құран бағыштады. Арқаға аты мәлім Досымбай бақсының тікелей ұрпағы, Әбдікер емшінің баласы, бүгінде жасы тоқсанға таяп тұрған Түгелбай ақсақал «әумин» деп елге бата берді. Сол-ақ екен, қалың елдің делебесін қоздырған ұлттық спорт ойындары бірімен бірі астасып кете барды…

Бұл күні 32 келілік екі кір тасын серпе көтеруге 17 спортшы, 80 келілік қошқар көтеру сайысына 42 спортшы қатысса, жаяу жарыста 111 желаяқ бақ сынасты. Ауыл, аймақаралық арқан тартысқа 18 команда қатысып, мықтылары бәйгені олжалады.

Қазақша күресте жасөспірімдер арасында 45 келі салмақта 26 балғын балуан, 60 келілік салмақта 17 балуан бақ сынасса, ересектер арасында 70 келі салмақта 32 балуан, 80 келі салмақта 32 балуан қалы кілемнің шаңын қақты. Аталған спорт түрлерінен болған бәсекелерде бақтары жанған спортшылар марапатталып, ақшалай, заттай сыйлықтарға ие болды.

Түйе палуан атағына 14 спортшы таласып, ақтық белдесуде Қазақстан барысының күміс жүлдегері Асылхан Барменов өзінің шәкірті, әрі бауыры Айдос Ғалымовқа жолын берді. Сөйтіп, жаңаарқалық балуан Айдос Ғалымов «Сарысу барысы» атанды.

Кезек ат жарысына берілгенде додаға жиналған ел даланы басына көтерді. Ат спорты десе ішкен асын жерге қоятын қазақтың қашаннан әдеті емес пе, жапатармағай бәйгетөбеге жиналды.

Ат спортын әуелі тай жарысы бастады. 8 тай 5 шақырымға қатар шауып, мықтысы мәре сызығын бірінші кесті. Келесі кезек құнан жарысқа берілді. Мұнда 18 құнан 12 шақырымға шауып, жүйрігі жұртты сүйсіндірді.

Аламан бәйгеге де 18 ат қатысты. 25 шақырымға шапқан жүйріктердің ішінде шашасына шаң жұқтырмағаны мәреге бірінші жетті.

… Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» атты ұлттық спорт түрлерінен өткен фестивальдің шоқтығы биік болды. Ауыл маңындағы жазыққа 23 киіз үй тігіліп, алыс-жақыннан келген елге ауылдың азаматтары тік тұрып қызмет көрсетті. Әшейінде біткен іске көп сын айтатын көпшілік керісінше «той болса осындай-ақ болсын», деп тарқасты.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.