«Ұлытау ұландары» қозғалысы

Ұлытау облысының құрметіне автошеру өткізді

Ұлытау-Жезқазған өңірінің жұртшылығы 2022 жылдың 16 наурызын жадында мәңгі сақтайтын болады. Өйткені, бұдан ширек ғасыр бұрын басымыздан ұшқан бақ дәл осы күні қайта келіп қонды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ өзінің Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында елімізде жаңа әкімшілік-аумақтық құрылым – Ұлытау облысы ашылатынын, оның орталығы Жезқазған қаласы болатынын мәлімдеді.

Иә, бұл аймақ тұрғындарының көптен бері күтіп жүрген арманы еді. Ақыры қол жетті. Атауы қандай десеңізші! «Ұлытау облысы!» Кешегі Алты Алаштың бірлігіне, ұлттың ұйысуына ұйытқы болған киелі де қасиетті жердің атымен аталатын болды жаңа облыс. Бұдан асқан қуаныш, бұдан асқан мерей бар ма?! Ендеше, бөркіңді аспанға ат, шаттан, Ұлытау-Жезқазған жұрты!

Солай болды да. Жезқазған, Сәтбаев қалалары, Ұлытау мен Жезді кентінің белсенді азаматтарынан құрылған бастамашыл топ жаңа облыстың құрметіне автошеру ұйымдастырды. Оны қалалар мен аудан әкімдері де қолдады. Сөйтіп, 21 наурыз күні Жезқазған қаласынан шыққан автошеру Сәтбаев қаласы мен Жезді кенті арқылы өтіп, атбасын Ұлт ұясы – Ұлытауға тіреді.

50-ге жуық автокөлік қатысқан шеру Ұлытаудың бас қақпасы саналатын «Қазақстан халқының бірлігі және мемлекет тұтастығы» монументіне аялдады. Бұл жерде патриоттар шеруін Ұлытау ауданының әкімі Советбек Медебаев бастаған зиялы қауым өкілдері қарсы алды. Бұдан соң автошерушілер аудан орталығының басты даңғылы – Абай көшесінің бойымен жүріп «Жазғы эстрада» сахнасы маңына шоғырланды. Осы жерде жаңа облысты ұлықтау шарасының салтанатты рәсімі өтті. Салтанатты жиында игі жақсылар ыстық лебіздерін білдіріп, қуаныштарын көпшілікпен бөлісті.

Алғашқы болып сөз алған «Кетбұқа» қоғамдық қорының төрағасы, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Төлеген Бүкіров шараның маңызы мен мәніне қысқаша тоқталды.

– Осыдан 25 жыл бұрын бұрынғы Жезқазған облысы тарап, өңір Қарағанды облысының құрамына енген еді. Сол кезде «бұлай істеу дұрыс шығар» деп ойлағанбыз. Алайда, уақыт өте келе өңірдің тынысы тарылып, экономикалық та, әлеуметтік те әлеуеті төмендеп кетті. Жетім баланың күйін кешкендей болдық. Шүкір! Мемлекет басшысының кешегі Жолдауынан кейін, кеткеніміз келіп, кемісіміз толғандай болды. Ұлытау облысы құрылатынын, оның орталығы Жезқазған қаласы болатынын естіп жүрегіміз жарылардай қуандық. Облысқа қасиетті Ұлытаудың есімін бергені мерейімізді, тіпті, көтеріп тастады. Осы қуанышымыз ұзағынан болсын! – деді өз сөзінде Төлеген аға.

Салтанатты шарада Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Қуаныш Бекілдеков, Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған сазды-драма театрының әртісі Досжан Жанботаев, мемлекеттік қызмет ардагері Станислав Филипович, «Ұлытау аудандық «Ұлытау» газетінің редакциясы» ЖШС директоры Ақжол Құрмансейіт және басқа да азаматтар сөз алып, «ақ түйенің қарыны жарылғандай» қуаныш сыйлаған Мемлекет басшысына алғыстарын білдірді. Елді бірлікке, ынтымаққа шақырды.

Шарада сондай-ақ, ауданның бас ақыны, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Мұқаш Сейтқазин жырдан шашу шашты. Өнерпаздар әуелете ән салып, шараның шырайын енгізе түссе, бастамашыл топ пен жалпы қауымға абыз ақсақал, журналист-ақын Мағзұмбек Машайықұлы бата берді.

Сол күні «Ұлытау ұландары» патриоттық қозғалысының автошеруі Жезқазғанға келіп,

«Алаш» алаңында салтанатты реңдегі жиын өткізді. Мұнда да жиылған жұртшылық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ақжарма тілектерін ақтарыла айтты.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.